Ел тынысы

Елордада үстел теннисінен ірі халықаралық турнирлер өтеді

Еліміз әлемдік спорт аренасындағы орнын нығайтып келеді. 2026 және 2027 жылдары Астана үстел теннисінен бірқатар ірі халықаралық турнирді қабылдайды. Бұл жарыстарды өткізу Қазақстанда үстел теннисін дамытуға және елдің халықаралық спорт аренасындағы беделін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы болмақ. Айта кетейік, 2022 жылдан бері Алматы қаласында үстел теннисінен WTT әлемдік сериясының кезеңдері тұрақты түрде өткізіліп келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Негізгі жарыстардың бірі – 2026 жылы Астанада өтетін Star Contender сериясындағы халықаралық турнир. Бұл дода былтыр Қазақстанда алғаш рет сәтті ұйымдастырылған President’s Cup халықаралық жобасының жалғасы. Аталған турнирді былтыр Nomad Table Tennis Academy академиясы өткізген болатын.

Сонымен қатар келесі жылы елордада үстел теннисінен әлем чемпионаты мен Champions сериясындағы турнир ұйымдастырылады. Жарыстар Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.

Халықаралық үстел теннисі федерациясының президенті Petra Sörling Қазақстанның халықаралық жарыстарды өткізуге дайындығын жоғары бағалады.

Оның айтуынша, жоғары деңгейдегі спорт пен халықаралық жарыстардың талаптарын жақсы түсінетін қалада турнир өткізу аса маңызды. Сондай-ақ ол жекпе-жек сарайының мүмкіндіктері мен Астананың әлеуеті ұзақмерзімді жобаларды сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Турнирлердің ұйымдастырушысы – Nomad Table Tennis Academy. Академия директоры Руслан Жетібаев Қазақстанда үстел теннисіне қызығушылық артып келе жатқанын айтты.

«Елімізде үстел теннисі қарқынды дамып келеді. Спортпен тұрақты айналысатындар саны артып, инфрақұрылым кеңейіп жатыр. Астанада осындай ауқымды халықаралық турнирлерді өткізу біз үшін үлкен мәртебе», – деді ол.

Мұндай ірі жарыстар Қазақстанның әлемдік деңгейдегі спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыра алатын ел ретіндегі имиджін нығайтып, отандық үстел теннисінің дамуына, жас спортшыларды даярлауға және әлемдік спорт қауымдастығының назарын Қазақстанға аударуға мүмкіндік береді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button