Мәдениет

«Халық әуеніне» халықтың ықыласы зор

Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен және «Қазақстан Халық банкі» АҚ демеушілігімен өтіп жатқан «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» мәдени жобасының алғашқы күнінде 6000-ға жуық көрермен концерттерді тамашалады. Ұйымдастырылған концерттік-гастрольдік тур аясында өнер майталмандары халықпен жүздесіп, концерттік бағдарламаларын ұсынуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

21 мамыр — Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен  тұспа-тұс келген «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» концерттік-гастрольдік тур аясында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының ұжымы Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында алғашқы концерттік бағдарламаларын сәтті өткізді.

Ақтөбе облысы Хромтау қаласының Хромтау аудандық мәдениет үйінде «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының әртістері өңірдегі алғашқы концертін сәтті өткізіп, 400-ден астам көрермен жиналды. Аталмыш концертте ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Қайрат Айтбаев, Клара Төленбаева, Медет Салықов, Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова сондай-ақ «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері Асқар Мұқият, Аяулым Қамажан және т.б халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті. Қала тұрғындары өткен концерт бойынша оң пікірлерін білдіруде.

Алматы облысы Райымбек ауданының Нарынқол қаласының тұрғындары орталық алаңда Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының Алматы қаласындағы филиалының әртістерінің өнерін тамашалады.

Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүлеймен Ибрагимов, мәдениет қайраткері Перизат Омарбекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанна Орынбасарова мен Бибигүл Қилымхан, халықаралық байқаулардың лауреаттары Мади Рымбаев, Сая Махамбет, Гүлнар Көшенова, Райым Уайыс, сондай-ақ көрерменге кеңінен танымал «Меломен» және «Azia» топтары өнер көрсетті.

Ашық аспан астында ұйымдастырылған кеш 900 көрерменге ерекше әсер сыйлап, мерекелік көңіл күй қалыптастырды. Қала тұрғындары керемет кештің соңында өнерпаздарға жылы лебіздерін білдіріп шығарып салды.

Атырау облысы Махамбет ауданының Махамбет ауылындағы «Өнерпаз» аудандық мәдениет үйінде «Astana sazy» Қазақ мемлекеттік этно-фольклорлық ансамблі мен «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртістері өңір тұрғындарына алғашқы концерттік бағдарламасын ұсынды.

Концерттік бағдарламада Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Елмұра Жаңаберген, Ерболат Шалдыбеков, Айзат Қарабек, Құмарбек Қалқатай, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Күнсұлу Түрікпен, Ардақ Елеусіз, Әділхан Макин, халықаралық байқаулардың лауреаттары Дарын Құдайберген, Аяулым Жумкенова, Жаслан Кәрім, Тоғжан Үмбет, Нұркен Якияев және «Astana sazy» Қазақ мемлекеттік этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

200-ге жуық көрермен керемет кештің куәсі болып, кеш соңында Махамбет ауданының әкімдігі «Қазақконцерт» ұжымына Алғыс хат табыстады.

Қарағанды облысы Абай ауданының Абай қаласындағы аудандық мәдени-бос уақыт өткізу орталығында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Saz&Soul» вокалдық-аспаптық ансамблінің әртіс-солистері қала тұрғындары мен қонақтарына бірінші концертін ұсынды.

260-қа жуық көрерменді қамтыған концерттік бағдарламада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс» орденінің иегері Нұрлан Өнербаев, халықаралық байқаулардың лауреаттары Ақбөпе Әлібекова, Нұрай Шеру, Сұлтан Ахмет, Ербол Тәжібаев, Қуандық Шалқарұлы және өзге де кәсіби өнерпаздар ұлттық эстрада мен дәстүрлі музыка жанрындағы таңдаулы туындыларды орындады. Кеш соңында көрермен өнерпаздарға жылы лебіздерін білдірді.

Қызылорда облысы Арал қаласындағы Арал аудандық мәдениет үйінде Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Astana Musical» мемлекеттік театры «Мюзикл әлемі» концерттік бағдарламасын сахналады.

300-ге жуық көрерменді қамтыған салтанатты кеште Шөмішбай Сариевтің жұбайы құрметті қонақ болды. Қала тұрғындары ерекше бағдарламаның куәсі болып, театр әртістері мен ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласындағы Түпқараған аудандық мәдениет үйінде Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «GULDER» ансамблінің әртіс-солистері мен эстрадалық өнер бөлімінің әртістері өнер көрсетті.

Концерттік бағдарламада ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Құрмаш Махан, Ақбота Керімбекова, Толғанбай Сенбаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әлібек Альмадиев, сондай-ақ халықаралық байқаулардың лауреаттары Аққанат Смағұлова, Сания Сакенова, Дидар Абдухалық, Нұрсаулет Әмре, Камила Шкибаева және Ақерке Тәжібаева өнер көрсетті. Сонымен қатар «GULDER» ансамблінің балеті арнайы хореографиялық композицияларымен кештің көркін аша түсті.

Концертті тамашалауға 260-тан астам көрермен келіп, кеш бойы көтеріңкі көңіл күй сыйлаған әсерлі әндер мен жарқын қойылымдарға куә болды.

Түркістан облысы Отырар ауданының Шәуілдір ауылындағы Отырар аудандық мәдениет сарайында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Бірлік» би ансамблінің әртіс-солистері мен эстрадалық өнер бөлімінің әртістері алғашқы концерттік бағдарламаларын сәтті көрсетті.

400-ден астам көрермен концерттік бағдарламада Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрболат Арзамасұлы мен Ардақ Балажанова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Нұрсезім Саматқызы, Ибраһим Амин, Асылхан Шалқар, Жанна Сандыбаева, сондай-ақ «Бірлік» би ансамблінің әртістерінің өнерін тамашалады. Концерт жоғары деңгейде өтіп, көрермендер өнерпаздарға алғыс білдірді.

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауылындағы Абай атындағы мәдениет үйінде Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі мен классикалық бөлімінің солистері алғашқы концертін өткізді.

Кеш барысында халықаралық байқаулардың лауреаты Лаура Кумарханова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Азат Малик және Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің музыканттары өнер көрсетті. Концерттік бағдарламада әлемдік классика мен қазақ музыкасының таңдаулы туындылары орындалды. 260-тан астам көрермен өнерпаздарды ыстық ықыласпен қарсы алып, концерт жоғары деңгейде өтті.

«ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» – концерттік-гастрольдік турының алғашқы күні сәтті аяқталып, қазақ өнерінің бай мұрасын ел ішіне кеңінен танытып, ұлттық музыка мен сахна мәдениетін жаңа деңгейде дәріптейтін маңызды мәдени бастама екенін дәлелдеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button