Ата-аналарға балаларға қатысты жаз мезгіліндегі қауіпсіздік ережелері ескертілді

Жазғы демалыс қарсаңында елордада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған брифинг өтті. Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Әйгерім Өмірзақова мен Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Гүлмира Жұманова қала тұрғындары мен ата-аналарды жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуға шақырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Спикерлердің айтуынша, биылғы оқу жылында құқық қорғау және уәкілетті органдар балалармен және ата-аналармен тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп келді. Алайда жаз мезгілінде мектеп оқушылары көшеде, үйде немесе интернетте ересектердің бақылауынсыз көбірек уақыт өткізетіндіктен, қауіпсіздік мәселесі ерекше маңызға ие.
Сонымен қатар жазғы кезеңде мемлекеттік органдардың профилактикалық жұмыстары тоқтамайды. Жазғы демалыста рейдтік іс-шаралар, әлеуметтік желілерге мониторинг, профилактикалық тексерулер және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған өзге де шаралар жүргізіледі. Кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына қауіп анықталған жағдайда заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады.

Қала прокуратурасы ата-аналарды балалардың интернеттегі мінез-құлқын бақылауға, олардың кімдермен араласатынына, әлеуметтік желідегі белсенділігіне және кіретін сайттарына көңіл бөлуге шақырды.
Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасөспірімдер интернет-алаяқтыққа, кибербуллингке, қорқыту әрекеттеріне, жеке деректер мен фотосуреттердің таралуына, құқыққа қайшы әрекеттерге тартылу қаупіне тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар балаға елеулі психологиялық зиян келтіруі ықтимал.
Осыған байланысты ата-аналарға: балалардың интернеттегі белсенділігін бақылау; мобильді құрылғыларға ата-аналық бақылау орнату; қауіпті интернет-ресурстарға қолжетімділікті шектеу; баланың эмоционалдық жағдайына назар аудару; интернеттегі қауіпсіздік ережелері туралы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды.
Жазғы демалыс кезінде балалар көшеде көбірек уақыт өткізіп, велосипед, самокат пен мопедті жиі тебеді. Осыған байланысты кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының қаупі артады.
Спикер ата-аналарды балаларға жол қозғалысы ережелерін сақтау мен жолдағы қауіпсіздік талаптарын күн сайын еске салып отыруға шақырады. Әсіресе қорғаныс құралдарын қолдануға, сондай-ақ балалардың ересектердің бақылауынсыз және тиісті дағдысыз жолға шығуына жолбермеуге көңіл бөлу қажет. Сонымен қатар балаларға көшеден қауіпсіз өту және көлік қозғалысы маңындағы тәртіп ережелерін үнемі түсіндіріп отыру маңызды.
Жаз мезгілінде балалардың судағы қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын өзендер мен көлдерде балалардың қатысуымен қайғылы жағдайлар тіркеліп жатады. Көп жағдайда бұған балалардың ересектердің қарауынсыз қалуы себеп болады.
Мемлекеттік органдар ата-аналарды балаларды су жағасында жалғыз қалдырмауға және арнайы жабдықталмаған жерлерде шомылуға рұқсат бермеуге шақырады. Демалыс кезінде балалар үнемі ересектердің бақылауында болуы керек.
Күн жылыған кезде балалардың терезеден құлау қаупі арта түседі. Салалық ведомстволардың мәліметінше, мұндай жағдайлар балалар жарақаты мен өлімінің негізгі себептерінің бірі. Тәжірибе көрсеткендей, қайғылы оқиғалардың көпшілігі бала аз уақытқа болса да ересектердің бақылауынсыз қалған кезде орын алады.
Осыған байланысты ата-аналарға кішкентай балаларды ашық терезесі бар бөлмеде жалғыз қалдырмау, сондай-ақ арнайы қорғаныс бекіткіштері мен блокираторлар орнату ұсынылады. Сонымен қатар терезе маңынан баланың терезе алдына өздігінен шығуына мүмкіндік беретін жиһаздар мен заттарды алып тастау қажет.
Түнгі уақытта кәмелетке толмаған балалардың заңды өкілдерінің қарауынсыз үйден тыс жерде болуына жол берілмейді. Себебі дәл кешкі және түнгі мезгілде жасөспірімдердің қатысуымен немесе оларға қатысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жиі орын алады.



