Прокуратура елордалық кәсіпкерлер құқығын қорғауға ерекше назар аударуда

Астана қаласының прокуратурасы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша белсенді жұмыстарды жалғастырып, елордада бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастыруда. Туындайтын мәселелерді жедел шешуге және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бүгінгі таңда елорда прокуратурасымен жалпы сомасы 3,5 трлн теңгеден асатын инвесторлардың 106 мәселесі шешілді.
Жалпы жобалар сомасы 1,7 трлн теңгені құрайтын 70 инвесторға көмек көрсетілді. «Прокурорлық сүзгі» тетігінің арқасында мемлекеттік органдардың 169 заңсыз шешімінің жолы кесілді. Бизнесті қорғаудың маңызды құралдарының бірі – шектеу шараларын келісу тетігі болып табылады. Мемлекеттік органдар инвесторлардың құқықтарын шектейтін кез келген әрекеттерді прокуратурамен келісуге міндетті, оның ішінде:
— тексерулер тағайындау;
— әкімшілік жазалар қолдану;
— сотқа талап қою.
Мысалға, Астана қаласының «Нұра» ауданы прокуратурасы Астана даму орталығы алаңында бизнес-қоғамдастықпен кезекті кездесу өткізді. Іс-шара барысында 7 инвестордың өтініштері жұмысқа қабылданды. Негізгі мәселелер техникалық шарттарды келісуге қатысты болды.
Астана қаласының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге ұшыраған инвесторлардың көп созбай көмекке жүгінуге шақырды.
Хабарласу үшін байланыс нөмірі: +7 (747) 216-15-58 немесе Call-орталық: 115.



