Әлеумет

«Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиыны өтті

Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай Астана қаласындағы №68665 әскери бөлімде XII Халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиынына қалалық қорытынды іріктеу кезеңі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Ауқымды іс-шараны «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының Астана қалалық филиалы ұйымдастырды. Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасы, Қазақстан Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы және Астана қаласы Қорғаныс істері департаментінің қолдауымен жүзеге асты.

Іріктеу кезеңіне елорданың Алматы, Байқоңыр, Сарыарқа, Нұра, Есіл және Сарайшық аудандарынан үздік деп танылған 130 жас сарбаз қатысты.

Елімізде 2015 жылдан бері Қорғаныс министрлігі және Оқу-ағарту министрлігінің бірлесуімен жыл сайын «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны ұйымдастырылып келеді. Бұл туралы «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ төралқасы төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов айтты.

«Бұл бастама жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіріп, әскери-патриоттық тәрбиені күшейтуге бағытталған. Ата-бабадан аманат болып қалған жерге ие болып, оны қорғау – кейінгі ұрпақтың басты міндеті. Осы орайда ардагерлеріміз жастар тәрбиесіне белсенді араласып, өскелең буынға ел қорғаған батырлардың ерлігін үлгі етіп келе жатыр. Сондай-ақ бүгінгі шараның негізгі мақсаты – жастарды отансүйгіштікке, жауапкершілікке және мінез-құлық мәдениетіне тәрбиелеу», — деді Марат Нағұманов.

«Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ Астана қалалық филиалының төрағасы Айдархан Маханбет Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен биыл «Жас сарбаз – намыс пен рух алаңы» жобасы қолға алынғанын жеткізді.

«Жоба аясында елордада бірнеше іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Соның ең ауқымдысы – 21-27 маусым аралығында Щучинск қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін халықаралық «Айбын» жастар жиыны. Айта керек, биыл наурыз айында Астананың алты ауданында «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері арасында іріктеу кезеңдері өткен.

Нәтижесінде үздік деп танылған қатысушылар бүгінгі кезеңге жолдама алды. Финал 20-22 мамыр аралығында өтеді. Бүгін оның ашылу салтанаты өтіп жатыр. Осы жарыста үздік нәтиже көрсеткен жасөспірімдер халықаралық «Айбын-2026» жарысында елордамыздың намысын қорғайды.

Бүгінгі сайысқа қатысушылар автоматты бөлшектеу, белтемірге тартылу, кеудені жерден көтеру, пневматикалық винтовкадан оқ ату, әскери эстафета, кросс, арқан тарту, интеллектуалдық конкурс, робототехника және smart сайыстары бойынша бақ сынайды. Жарысқа 14-18 жас аралығындағы мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысады», – деді Айдархан Маханбет.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button