Кәмелетке толмағандардың түнде ересектерсіз жүруіне қарсы рейд өтуде
Полиция қызметкерлері тұрақты түрде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарды болдырмауға және олардың түнгі уақытта қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық рейдтік іс-шаралар жүргізуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Рейдтер барысында полицейлер аула аумақтарын, саябақтарды, компьютерлік клубтарды, ойын-сауық орындарын және жастар көп шоғырланатын басқа да орындарды тексереді. Мысалы, ювеналды полиция қызметкерлері 15 жасар жасөспірімді анықтады, ол сағат 23:00-ден кейін Ботаникалық саябақ аумағында заңды өкілінің қарауынсыз жүрген. Осы факт бойынша заңды өкілге ҚР ӘҚБтК-ның 442-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.
Биыл жылдың басынан бері аталған бап талаптарын бұзғаны үшін шамамен 2500 заңды өкіл әкімшілік жауаптылыққа тартылды. ҚР заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмағандарға сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін заңды өкілінің қарауынсыз үйден шығуға, сондай-ақ түнгі уақытта ойын-сауық орындарында ересектерсіз болуға тыйым салынатынын еске саламыз.



