Мәдениет

«Алаш және экономика»

Елордада ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына арналған «Алаш және экономика» деректі фильмінің таныстырылымы өтті. «Ақ жол» демократиялық партиясының қолдауымен түсірілген туындының авторы, журналист Серік Жолдасбай бұған дейін «Алаш және дін» фильмін ұсынған еді.  Қос туынды да алаштануға қосылған үлкен үлес.

Жаңа туындыда филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай бастаған алаштанушы, тарихшы, экономист ғалымдар Алаш қайраткерлерінің елдің әл-ауқатын көтеру жолындағы еңбегі жөнінде әңгімелейді. Тұрсын Құдакелдіұлы Алаш ардақтылары жерді басты байлық деп есептегенін айта келе, Әлихан Бөкейханның бұл туралы жазған сөздерін келтірді.

«Жер, жер және жер! Өйткені жерсіз Отан жоқ! Жерсіз адам жоқ! Жерсіз мемлекет болмайды! Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек! Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып киілуі керек. Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді» деп жазған еді ұлт көсемі. Яғни Алаш қайраткерлері қазақтың ұлт ретіндегі азаттығын ғана емес, экономикалық тәуелсіздікті де ойлады. Осы жолда ізденіп, зерттеулерді жүргізді, мақалаларды жазды. Мәселен, өз кезінде Әлихан Бөкейханның «Қазақ» газетінде «Игілікті іс» атты мақаласы жарық көрді.

«Игілікті іс халық өзі қызмет қылса, өзі талаптанса ғана орнына барады» дейді онда автор.

Міржақып Дулатұлы 1914 жылы «Қазақ» газетінде шыққан «Кооперация, яғни бірігіп іс жүргізу» атты мақаласында «Қазақ шаруасы кооперация арқылы көркейеді» дейді. Бұған Ахмет Байтұрсынұлы «Шаруашылық өзгерісі» атты мақаламен үн қосады.

«Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек»  дейді ұлт ұстазы.

Деректі фильмде Алаш қайраткерлерінің бейнесін елорданың Музыкалық жас көрермен театрының әр тістері сомдап шықты. Спикердің бірі – әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы Әлихан Бөкейханның қазақ экономикасына қосқан үлесі туралы әңгімелейді. Бұған қоса, экономист Мақсат Халық, т. б. ғалымдар «Алаш және экономика» тақырыбын тарқатады. Туындыда ХХ ғасыр басында қазақтан шыққан ауқатты адамдар, олардың еңбегі жөнінде де сөз етіледі. Мәселен, осы Ақмоладан шыққан Баймұхамбет (Байкөп) және оның ұлы Құрманғали Қосшығұловтар туралы журналист Ерлан Күзекбай айтады. Сұлтанхан Аққұлұлы биыл Әлихан Бөкейханның 160 жылдығын лайықты атап өту үшін жұмыстар қолға алынғанын, 21 томдығын шығару жоспарланып отырғанын жеткізді.

Туындының түсіріліміне Астана қаласы Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров, елорданың Өнер музейінің директоры Баянды Сахария, басқа да азаматтар қолдау көрсетті. Бас редакторы – журналист Дәурен Дәриябек. Фильм авторы Серік Жолдасбай соларға алғыс айта келе, алдағы күндері фильм YouTube арнасына жарияланатынын жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button