Басты ақпаратЕл тынысы

Қазақстан – Түркия: Мәңгілік достықтың тұғыры биіктеді

Осы аптада Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Тәуелсіздік сарайында мәртебелі мейманды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия көшбасшысын өзі күтіп алды.

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА СЕРПІН БЕРГЕН САПАР

Тәуелсіздік сарайындағы салтанатты рәсімнен соң президенттер шағын құрамда кездесті.Қазақстан Президенті Түркия басшысына ілтипат көрсетті.

«Жоғары мәртебелі Президент мырза, қадірлі бауырым, Өзіңіз бен Қазақстанның елордасында жүздескеніме өте қуаныштымын. Ең алдымен, менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік  сапармен келгеніңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Сапарыңыздың мән-мағынасы ерекше, өте жоғары деп айтсақ артық болмайды. Себебі бұл, шын мәнінде, тарихи оқиға. Бұл сапар елдеріміздің ынтымақтастығына үлкен серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Екі ел арасында тек қана достық, бауырластық, мәңгілік серіктестік қарым-қатынас қалыптасқан. Арамызда ешқандай түйткіл немесе шешілмеген мәселе жоқ. Қош келдіңіз!» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Режеп Тайип Ердоған бауырлас қазақ елінің көрсеткен құрметіне алғыс айтты.

«Ең әуелі, бауырымыздың атажұртқа арнайы шақырғанына ризашылығымды білдіргім келеді. Бізге айрықша қонақжайлық танытып отырсыздар. Қазақ елінің шекарасынан өткеннен қапталдаса ұшқан ұшақтармен  қарсы алып, менің делегацияма үлкен құрмет көрсеттіңіздер. Бұл бізді ерекше қуантты. Әрине, мұны ұмытпаймыз. Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін» деді Түркия Президенті.

СЕРІКТЕСТІК ТУРАЛЫ ДЕКЛАРАЦИЯ

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізді. Мемлекет басшысы Түркия Қазақстан үшін бауырлас ел, маңызды әрі сенімді серіктес саналатынын атап өтіп, тамыры терең байланыстар қос халықтың мызғымас достығын одан әрі нығайтуға ықпал етіп отырғанын айтты.

«Қазіргі таңда қазақ-түрік екі жақты қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып жатыр. Елдеріміздің арасында ешқандай түйткіл жоқ. Мемлекетаралық және үкіметаралық байланыста рымыз нығайып келеді. Парламентаралық ықпалдастығымыз да жоғары деңгейде. Түрік делегациясының құрамында бір топ депутаттың және партия мүшелерінің болуы – соның айқын дәлелі. Сонымен қатар екі елдің экономикалық ынтымақтастығы күшейе түсті. Түркия ірі инвесторларымыздың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін Сіздің еліңізден экономикамызға 6 миллиард доллар инвестиция  тартылды. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясы да өсіп, 2,5 миллиард долларға жуықтады. Сондай-ақ Түрік елі –негізгі бес сауда серіктесіміздің бірі. Қос халықтың мәдени-гуманитарлық байланыстары  қарым-қатынасымыздың алтын арқауы саналады. Біз осы игі үрдісті сақтап, өзара ықпалдастығымыздың аясын кеңейте беруге мүдделіміз. Бүгін «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы» декларацияны қабылдаймыз. Осы маңызды құжат қазақ-түрік қатынастарын дамытуға тың серпін беретіні анық. Бұл мәселе бойынша екі елдің де ниет-тілегі – бір, сондықтан әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де мол деп айтуға толық негіз бар» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында тараптар сауда-экономикалық ықпалдастықты тереңдету мәселесін талқылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 8,8 пайызға өсіп, 5,4 миллиард доллардан асқан. Қасым- Жомарт Тоқаев сауда-саттықты әрі қарай жандандыруға қолайлы жағдай жасап, алыс-берісті әртарап тандырудың маңызына тоқталды. Президенттің айтуынша, Қазақстан Түркияға қазірдің өзінде 34 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны 630 миллион доллардан асады. Бұл ретте Мемлекет басшысы екі елдің қаржы орталықтары мен цифрлық сауда платформалары арасындағы серіктестіктің, сондай-ақ бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақ-түрік бизнес форумының нәтижесі сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдете түсетініне сенім білдірді. Кеңесте ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастыққа айрықша мән берілді. Былтыр екі елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 25 пайыздан асып, 360 миллион долларға жуықтаған. Бірқатар инвестициялық жоба іске асып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Tiryaki Agro қолға алған глютен мен крахмал өндірісін, Alarko Holding салып жатқан жылыжай кешенін мысалға келтірді. Түркия тарапына Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын жандандыру жөнінде 2026-2028 жылдарға арналған жол картасын қабылдау ұсынылды.

Жиында қазіргі геосаяси жағдайда көлік-логистика саласының стратегиялық маңызы арта түскеніне назар аударылды. Мемлекет басшысы бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне өзге елдердің қызығушылығы артып келе жатқанына тоқталып, түрік компанияларын Құрық, Ақтау порттары арқылы жүк тасымалын ұлғайтуды көздейтін жобаларға белсенді атсалысуға шақырды.

Қазақстан авиация саласындағы ынтымақтастыққа да айрықша мән беріп отыр. Сондықтан Алматы халықаралық әуежайын Орталық Азиядағы логистикалық хаб ретінде дамытуды көздеп отырған TAV Airports Holding компаниясының бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бұл ретте Мемлекет басшысы елімізде инвестициялық ахуал ды жақсарту үшін атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар, инвесторларға арналған жеңілдіктер жөнінде мәлімет берді.

Сонымен қатар Түркия бизнесмендерін шикізаттық емес жобаларды бірлесе іске асыруға үндеді. Жиында энергетика, тау-кен, цифрландыру және жасанды интеллект, қорғаныс өнеркәсібіндегі өзара тиімді серіктестік аясын одан әрі кеңейту перспективасы қарастырылды. Режеп Тайип Ердоған республикалық референдумдахалық қолдауына ие болған жаңа Конституция Қазақстанның ынтымағын арттыра беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар Түркия Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынас кеңейтілген  стратегиялық әріп тестік аясында барлық салада нығайып келе жатқанын айтты.

«Қадірлі бауырыммен өткізген кездесуде саудадан бастап энергетика, қорғаныс өнеркәсібі, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ жаһандағы өзекті мәселелер секілді көптеген тақырыпта пікір алмастық. Біз сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенімізді растадық. Осы орайда 15 сәуірде Астанада өткен Үкіметаралық экономикалық комиссияның 14-ші отырысын а қабылданған 67 тармақтан тұратын Іс-қимыл жоспарын жүзеге асырудың маңызына тоқталдық. Инвестиция саласында компанияларымызды ынталандыруды жалғастырамыз. Бүгінгі бизнес-форум сияқты іскерлік ортаны біріктіретін іс-шаралар екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын нығайту тұрғысынан аса маңызды деп санаймын» деді Түркия Президенті.

Екіжақты келіссөздер мен Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысының қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Режеп Тайип Ердоған Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойды. Екі елдің ресми делегация мүшелері мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейдегі құжаттармен алмасты.

МӘРТЕБЕЛІ ОРДЕНМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды өз халқын алға бастап келе жатқан әлемдік деңгейдегі салиқалы басшы және саясаткер ретінде ерекше құрметтейтінін атап өтті.

«Өзіңіздің көреген бастамаңызбен қолға алынған тиімді реформалардың нәтижесінде Түркия тұрақты өсіп-өркендеу жолына түсті, зор табысқа жетті, ықпалды және қуатты держава атанды. Біз түрік ағайынға әрдайым тілекшіміз, бауырлас елдің әр жетістігіне қуанамыз. Президент Ердоған – жаһандық саясатта әділдік пен жауапкершілік қағидатын табанды түрде қорғап жүрген аса көрнекті қайраткер. Сіздің «Әлем бестен үлкен» атты тұжырымдамаңыз баршаға белгілі. Бұл халықаралық қатынастар жүйесіндегі теңсіздікке қарсы айтылған батыл үндеу екені сөзсіз. Сонымен қатар Режеп мырза түркі және ислам өркениетінің ынтымақтастығын нығайту ісінде айрықша рөл атқарып келеді. Өзіңізді түркі әлемі мойындаған беделді көш басшы десек, артық болмайды. Сіз туыстас елдердің рухани және саяси тұтастығын бекемдеу жолында аянбай еңбек етіп жүрсіз.

Қадірлі Режеп Тайип Ердоғанның тікелей қолдауының арқасында Түркі мемлекеттері ұйымы қысқа мерзім ішінде ықпалды құрылым ретінде қалыптасты. Сондай-ақ ТҮРКСОЙ, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Түркі академиясы Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, Түркі инвестициялық қоры секілді маңызды институт тардың жұмысы жандана түсті. Біз мұны жоғары бағалаймыз» деді Қазақстан Президенті.

«Ұлы дала – түбі бір түркі халықтарының атажұрты, ал, Түркістан – оның қастерлі қазынасы, рухани астанасы. Киелі шаһар тұтастығымыздың нышаны, төл өркениетіміздің алтын бесігі саналады. Сондықтан біз ертең өз жұмысын бастайтын Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін Түркістан төрінде өткізуді жөн көрдік. Алқалы жиын ағайын елдердің арасын жақындатып, ықпалдастығын күшейте түседі деп сенемін» деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, Түркістан туралы айтқанда күллі түркінің рухани темірқазығы – Қожа Ахмет Ясауи тұлғасына тоқталмау мүмкін емес.

«Әзірет Сұлтан түркілік рух пен ислам өркениетін үйлестіре білді. Оның мәдени мұрасы Ұлы далада ғана емес, Анадолы жерінде де өшпес із қалдырды. Түркі әлеміне ортақ көптеген ғұламалар Әзірет Сұлтанның ізбасары саналады. Осы тұста әйгілі Юнус Эмрені ерекше атап өткеніміз жөн. Тұғырлы тұлғаның туындыларынан Ясауи ілімінің ықпалын анық көруге болады. Осындай үндестік қазақтың бас ақыны – хакім Абайдың шығармаларынан да байқалады. Түптеп келген де, ұлы ғұламаның ғибратты жолы ұлтқа бағдар, ұрпаққа өнеге екені сөзсіз. Мен Ұлыстың ұлы күнінде киелі Түркістанға арнайы барып, Әзірет Сұлтан рухына құран бағыштадым. Сол сапарымда мемлекеттік наградалар қатарына Qoja Ahmet Yasaui орденін енгізу туралы маңызды бастама көтердім. Бұл марапатты Қазақстанның дамуына айрықша еңбек сіңірген еліміздің және шетелдің белгілі ғалымдарына, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне табыстау қажеттігі жөнінде айттым. Соған сәйкес тиісті Заң қабылданды, арнайы Жарлыққа қол қойдым. Бұл – шын мәнінде, беделі биік, бағасы жоғары марапат. Біз бұл орденді әзірлеген кезде ашық жасыл түске басымдық бердік. Асыл дінімізде осы түстің орны ерекше. Ал оның құрамындағы күміс – тазалықтың нышаны. Бір сөзбен, бұл – Әзірет Сұлтанның ұлағаты мен тағылымын дәріптейтін марапат. Жалпы, біз өз елімізде Қожа Ахмет Ясауидің  бай мұрасын жүйелі түрде және кең ауқымда зерттеу жұмысын белсенді түрде жүргіземіз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Түркия Президентін Қожа Ахмет Ясауи атындағы мәртебелі орденмен марапаттау туралы шешім қабылдағанын, Режеп Тайип  Ердоған – бұл орденнің тұңғыш иегері екенін атап өтті. Режеп Тайип Ердоған Түркістанның пірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы ерекше орденнің алғаш рет өзіне берілгеніне қуанышты екенін жеткізді.

«Бұл орденді Түркия Республикасы және түрік ұлтына деген ілтипатыңыздың белгісі деп қабылдаймын. Осы орайда елдеріміз арасындағы бауырластықты бекемдеу бағытындағы көреген саясатыңыз үшін Сізге,  құрметті бауырым, алғыс айтамын. Бауырластығымыз, достығымыз лайым мәңгі болсын!» деді Түркия Президенті.

МЕКТЕПТІҢ АШЫЛУ РӘСІМІНЕ ҚАТЫСТЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған бейнебайланыс режимі арқылы Түркияда бой көтерген Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектептің ашылу салтанатына қатысты. Газиантеп провинциясының Нурдагы қаласында орналасқан заманауи білім ошағында 32 бастауыш және 4 мектепке дейінгі сынып  қарастырылған. Ғимараттың жалпы ауданы – 6 мың шаршы метр. Білім беру кешені мамандандырылған оқу кабинеттерімен, зертханалармен, мәжіліс залымен, кітапханамен жабдықталған. Мектеп аумағында амфитеатр, спорт және балалар ойын алаңдары мен қазақтың ұлттық киіз үйі стилінде жасалған шатырлар бар. Құрылыс барысында жоба Түркияның қауіпсіздік талаптары мен қазіргі нормаларына сай жетілдіріліп отырды. Өңірдің ерекшелігіне бейімделген инженерлік шешімдер арқылы сейсмикалық қауіпсіздік, ылғалдан сақтау және жылу үнемдеу жүйелері қолданылды. 2023 жылдың 6 ақпанындағы жойқын зілзаладан зардап шеккен өңірге арналған жаңа мектеп салу бастамасын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көтергені белгілі.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоғанға екі ел бірлесе іске асырып жатқан бірқатар инвестициялық жоба туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, Абай облысында Miryıldız компаниясы кен байыту комбинатын салуға ниетті. İskefe Holding Алматы қаласында желатин шығаруды жоспарлап отыр. Orzax Group Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар шығаратын заманауи өндірісті қолға алды. S Sistem Lojistik компаниясы «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірлесіп, Ақтөбе халықаралық әуежайы аумағында логистика орталығын салып жатыр. Ал Tiryaki Holding Астанада бидай мен асбұршақты терең өңдейтін зауыт құрылысына кірісті. Аталған жобалар аясында елімізге 920 миллион доллардан астам инвестиция тартылып, 3100-ден аса жұмыс орны ашылмақ. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мемлекеттер басшыларына бүгінде түрік компанияларының қатысуымен ел экономикасының түрлі секторында 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылғанын баяндады. Олардың жалпы сомасы – 4 миллиард доллар шамасында. Қазіргі кезде құны 4 миллиард долларды құрайтын тағы 50 бірлескен жобаға қатысты жұмыс жалғасуда. Бұл Қазақстан мен Түркияның инвестициялық ықпалдастығы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

МАҚСАТЫМЫЗ – БІР, БАҒДАРЫМЫЗ – АЙҚЫН

Мемлекет басшысы Түркия Президентімен кездесудің қорытындысы бойынша баспасөз конференциясын өткізді.  Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Мәртебелі Режеп Тайип Ердоғанға шақыруын қабыл алып, елімізге мемле кеттік сапармен келгені үшін шынайы ризашылығын білдірді.

«Атажұртқа тағы да қош келдіңіздер деймін! Сіздің Қазақстанға ат басын бұрып, мемлекеттік сапармен келуіңіз – біз үшін зор мәртебе. Қазақ пен түрік – тамыры бір туысқан халықтар. Сондықтан бұл сапардың мәні ие, мазмұны да айрықша. Түркия – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі. Екі елді ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық байланыстар, ортақ мәдениет пен рухани құндылықтар біріктіреді. Біз – бір-бірімізге шынайы тілеулес елдерміз. Мақсатымыз – бір, бағыт-бағдарымыз – айқын. Ең басты міндет – халықтары мыздың ынтымағын күшейтіп, табысын арттыру»  деді Қазақстан Президенті.

Президент Түркия еліміздің ірі инвесторларының қатарына кіретінін атап өтті.

«Бүгінге дейін түрік кәсіпкерлері экономикамызға 6 миллиард доллар көлемінде қаражат салды. Қазақстанның да бауырлас мемлекетке салған инвестициясы өсіп, шамамен 2,5 миллиард долларға жетті. Қазір елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істейді. Бұл – біздің ұзақ мерзімге арналған серіктестігіміздің кепілі. Сондай-ақ Түркия – еліміздің ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Екі ел арасындағы алыс-беріс 8,8 пайызға өсіп, 5 миллиард доллардан асты. Әрине, экономикамыздың әлеуетін ескеретін болсақ, бұл көрсеткішті арттыруға толық мүмкіндік бар. Бүгін біз қатысқалы отырған Қазақстан – Түркия бизнес форумы екі елдің сауда-экономикалық ықпалдастығына тың серпін береді деп сенеміз. Біз ашық әрі сенімді серіктес ретінде түрік инвесторларын қолдауға әрқашан дайынбыз. Сондықтан түрік компанияларын ұзақ мерзімге арналған ірі стратегиялық жобаларға атсалысуға шақырамыз» деді Мемлекет басшысы.

Режеп Тайип Ердоған бүгінгі келіссөздер барысында экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастық мәселелері жан жақты талқыланғанын жеткізді.

ҚАЗАҚСТАН – ТҮРКИЯ БИЗНЕС ФОРУМЫ

Мемлекет басшысы бұл форумның екі ел үшін тиімді әрі мазмұнды болғанын атап өтіп, алқалы жиынды ұйымдастыруға атсалысқан Түркия тарапына алғыс айтты. Президент Қазақстанда түрік компанияларына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанына тоқталды.

«Қазір елімізде түрік капиталы бар 3800-ге жуық кәсіпорын табысты қызмет етіп жатыр. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында мыңдаған жұмыс орны ашылды. Инвестициялық көрсеткішті арттыру үшін өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты тереңдету маңызды. Бүгінгі іс-шара бірлескен кәсіпорындар санын одан әрі көбейтуге мүмкіндік береді деп сенемін. Бұл ретте Қазақстан – Түркия үкіметаралық комиссиясы айрықша рөл атқаруға тиіс деп санаймын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнеске қолайлы жағдай жасауды мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі ретінде атады.

«Қазір осы салада ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды. Арнайы Инвестициялық штаб жұмыс істеп тұр. «Бір терезе» қағидатына сай қызмет көрсететін Ұлттық цифрлық платформа іске қосылды. Сондай-ақ шетелдік кәсіпкерлер Altyn Visa бағдарламасының игілігін қолдана алады. Бірегей визаның негізгі мақсаты – инвесторларға салық және көші-қон жеңілдіктерін ұсыну. Түрік кәсіпкерлерін осы мүмкіндікті пайдалануға шақырамын елордамызда Астана халықаралық қаржы орталығы (AIFC) белсенді жұмыс істеп жатқанын білесіздер. Бұл – инвесторлармен кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету үшін құрылған аймақтағы жетекші хаб. Орталық Ыстанбұл, Лондон, Дубай және Нью-Йорк қаржы орталықтарының үздік тәжірибесін қолдана отырып, ағылшын құқығына сәйкес жұмыс істейді. Мұнда 90-ға жуық елдің 5 600-ден астам компаниясы тіркелген. Соның ішінде қаржы, сауда, құрылыс және басқа да салаларда жұмыс істейтін 73 түрік компаниясы бар. Бұдан бөлек, Астана қаржы орталығы мен «Борса Ыстанбұл» биржасының арасындағы серіктестік нығаюда. Қазақстан түрік бизнесімен байланысты кеңейте беруге мүдделі. Біздің білуімізше, Түркияда Президент Режеп  Тайип Ердоғанның бастамасымен ұлттық экономикаға ауқымды инвестиция тарту үшін нақты шаралар қабылданатын болды. Лайықты кәсіпкерлерге бірқатар жеңілдік пен артықшылықтар беріледі екен. Біз бұл бастаманы міндетті түрде сараптаймыз, қажетті тұстарын пайдалануға тырысамыз» деді Президент.

Түркия Президенті қазақ және түрік кәсіпкерлерінің үлес қосуының арқасында Қазақстанмен экономикалық қарым-қатынас нығайып келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді.

ALEM.AI ОРТАЛЫҒЫНА БАРДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоғанға еліміздегі басты технологиялық хабқа айналуды көздейтін орталықтың әлеуеті таныстырылды. Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев екі ел басшыларына музей экспозициясы мен ЖИ-кинотеа трын көрсетіп, орталықтың ұзақмерзімді даму стратегиясы туралы мәлімет берді. Сонымен қатар президенттерге Astana Smart City жобасы жөнінде баяндалды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button