Әскери оркестрдің орындауында заманауи хиттер шырқалды
Астанадағы Арбатта Отан қорғаушылар күніне орай ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының Үлгілі-көрсетімді оркестрінің қатысуымен салтанатты концерт өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мерекелік бағдарлама Есіл өзенінің жағалауы бойындағы әскери қызметшілердің салтанатты шеруімен басталды. Шеру барысында оркестр музыкалық шығармаларды орындап, қала тұрғындарының назарын аударды.
Шеру елордалық Арбатта аяқталып, онда музыканттар мерекелік концерт ұсынды.
Көрермендерге әлемдік хиттерді, BAYANSULU әндерін және ретро-композицияларды біріктірген заманауи Guard Next бағдарламасы ұсынылды. Сонымен қатар қонақтар әскери қызметшілердің дефиле-шоуын тамашалады.

Іс-шараның басты мақсаты – қазіргі қазақстандық армияның жетістіктері мен әлеуетін таныстыру, сондай-ақ жастар арасында патриоттық тәрбиені нығайту.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының кеңесшісі Әлібек Әбділовтің айтуынша, жаңа бағдарлама жастарға жақын музыкалық форматта дайындалған.
«Бүгін Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрі жаңа Guard Next бағдарламасын ұсынып отыр. Мұнда жастарға жақын заманауи хиттер орындалады.
Біз жас буынмен бір тілде сөйлесуіміз керек. Патриотизм де музыка секілді, оны естуге әрі сезінуге болады. Музыка арқылы жастармен ортақ байланыс орнатып, диалог құруға тырысамыз», – деді ол.
Оркестрдің өнер көрсетуі қала тұрғындарының ерекше қызығушылығын тудырды.
Көпшілік концерттің заманауи форматы мен тың тәсілін жоғары бағалады.
«Әскери оркестр өнер көрсетеді дегенде дәстүрлі әскери әуендерді естимін деп ойладым. Бірақ заманауи музыканы кәсіби деңгейде орындаған өнерпаздарды көрдік. Шоу ерекше әсер қалдырды», – деді елорда тұрғыны Асылжан.
Іс-шара Құрмет қарауылы ротасының әсерлі көрсетілім қойылымымен аяқталды.



