Білім

Туған тілін ту еткен

Қазақ тіл білімінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ғалымдардың бірі – филология ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Сарқыт Қалымұлы Әлісжан. Оның ғылыми ізденісі, ұстаздық жолы мен қоғамдық қызметі тұтас бір дәуірдің айнасы іспетті.

Шығыс Қазақстан облысы ­Күршім ауданының Ақши ауылында дүние­ге келген болашақ ғалым балалық шағын тарихы терең Алтай өңірінде өткізді. Ауыл өмірінің қарапа­йым шындығы кейіпкерімізді сөз өнерінің тереңіне сүңгітіп, тұңғиығына тартты. Топырағының киесі болса керек, Ертіс пен Күршімнің жағасында өскен ұл ес білгеннен бастап туған тілін ту етіп, темірқазық тұтты.

Қарымды қаламгер Оралхан Бөкейдің қамшысы тиді ме, кім білсін, Сарқыт Қалым­ұлы бала кезінде жазушы болуды армандады. Ал бозбала шағында ғұмырына азық болатын тағдырлы шешім қабылдап, қазақ тіл біліміне ден қойды. Кейін қаймана қазағына ғалым, ұстаз һәм тұлға болып танылды.

Студент Сарқыт Әлісжанға ұлт ұстазы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салған ғалым, ұлттық жазудың реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы салған сара соқпақтың сүрлеуіне түсу оңай болған жоқ. Оған сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде көз майын тауысып, «кітап кеміруге» тура келді. Себебі ол М.Томанов, А.Аманжолов, Қ.Есенов, М.Серғалиев, Т.Сайрамбаев, С.Мырзабеков, А.Айғабылов, Б.Сағындықов, Х.Кәрімов сынды «атағынан ат үркетін» тілші-ғалымдар және Р.Бердібай, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Р.Нұрғали, ­А.Қыраубаева, Ж.Дәдебаев, Ш.Ыбыраев, ­З.Бейсенғалиев, Б.Майтанов секілді танымал әдебиетшілер берген білімді игеру әрі сіңіру үлкен ізденіс пен қажыр-қайратты талап ететінін жете түсінді.

Ғылыми ойлаудың биік мәдениетін меңгерген кешегі студент, бүгінгі ғалым академиктерден алған білімін ғұмырына бағдаршам етті. Ол ғылым жолында өзіне дейінгі «мықты мектептің» дәстүрін сақтап қана қоймай, оны жаңа мазмұнмен байытты.

Осыдан 30 жыл бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы диссертациялық кеңесте филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Сайрамбаевтың ғылыми жетекшілігімен «Қазіргі қазақ тіліндегі философиялық терминдердің қалыптасу процесі» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғаған ғалым бүгінге дейін қазақ тіліндегі философиялық терминдердің шығу тегі мен кезеңдік сипатын, лексикалық құрамы мен жасалу жолдарын талмай, танбай зерттеп келеді. Қауымдастырылған профессордың пайымынша, философиялық термин тек атау емес, ол – ұлттың танымы мен ойлау жүйесінің айнасы.

Сарқыт Әлісжан уақыт өте келе ізденіс аясын кеңейтіп, қазақ тіл білімінде бұрын тиісінше зерделенбеген ғылым тілінің құрылымдық және коммуникативтік ерекшелігін зерттеу нысанына айналдырды. Ғылыми жұмысына ғылым тілін, терминологияны, синтаксисті және қазақ тілін оқыту әдістемесін арқау еткен ғалым 2007 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы диссертациялық кеңесте «Ғылыми тіл синтаксисінің құрылымдық-коммуникативтік негіздері» атты докторлық диссертациясын қорғады. Бұл еңбек қазақ тіл біліміндегі ғылыми стильді жаңа қырынан танытқан маңызды зерттеулердің бірі болды. Ғалым ұсынған «терминдік тіркес» ұғымы қазақ синтаксисіне енгізілген маңыз­ды жаңалық деп қабылданып, қазақ тіл білімінің теориялық деңгейін жаңа сатыға көтерді.

2018 жылы ғалым ғылыми дискурс мәселесін талдап, «Ғылыми дискурстың танымдық негіздері (коммуникативтік-прагматикалық аспект)» атты оқу құралын жарыққа шығарды. Онда ғылыми мәтінді тек тілдік емес, когнитивтік әрі прагматикалық тұрғыдан қарастырып, жаңа қырынан зерделеді. Бұл еңбек бүгінгі тілтаным ғылымымен біте қайнасып кетті.

Ғалымның еңбектерінен ұлттық тілдің ішкі заңдылықтарына деген терең құрмет пен оны заманауи ғылыми парадигмалармен сабақтастыруға деген ұмтылыс айқын байқалады. Ол қазақ тіл білімін оқшау қарастырмай, әлемдік лингвистика жетістіктерімен ұштастыра отырып зерттейді. Осы арқылы ұлттық ғылымның көкжиегін кеңейтіп, оны халықаралық ғылыми айналымға енгізудің жолдарын қарастырады. Бұл – бүгінгі жаһандану жағда­йында ерекше маңызды ұстаным. Сарқыт Қалымұлы үшін теория – тәжірибеден ажырамайтын, оны толықтырып, дамытып отыратын тірі жүйе. Ол дәріс барысында күрделі ғылыми ұғымдарды өмірмен байланыстырып, студенттің танымына жақындата түсуді мақсат етеді. Сондықтан оның шәкірттері тек дайын білімді меңгеріп қана қоймай, ғылыми ойлауға, өз бетінше ізденуге дағдыланады. Бұл – нағыз ұстазға тән қасиет.

Ғалым Сарқыт Әлісжанның ұстаздық қызметі – оның тұлғалық болмысының ажырамас бөлігі. Ол – шәкірттерінің жүрегіне талапшылдығымен және жанашырлығымен жол таба білген оқытушы. Дәл осы сөзді ұлағатты ұстаздың дәрісін тыңдап, өнегесін көрген төл шәкірті ретінде жазып отырмын.

Сарқыт Қалымұлы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Назарбаев университеті және басқа да іргелі жоғары оқу орындарында мен сияқты мыңдаған шәкіртке тәлім-тәрбие беріп, қазақ филологиясының тегеурінді буынын қалыптастырды. Қазір олар қазақ тіл біліміне мүлтіксіз қызмет етіп жүр. Ұстаз үшін бұдан асқан мәртебе, бұдан асқан мерей жоқ шығар деп ойлаймын.

Сарқыт Әлісжан – тек ғалым, ұстаз ғана емес, қоғам ісіне белсене араласатын тұлға. Ол ҚР Үкіметінің Терминологиялық комиссиясы құрамында еңбек етіп, қазақ терминологиясының дамуына үлес қосты. Әр жылдары диссертациялық кеңесте қыз­мет атқарып, жас ғалымдардың қалыптасуына ықпал етті. Ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдерде тіл тағдырына қатысты батыл пікір білдіріп, азаматтық ұстанымын көрсетті.

Ғалымның қаламынан ту­ған ғылыми еңбектің саны жүзден асады. Оның монографиялары, оқу құралдары мен ғылыми мақалалары – қазақ тіл білімінің алтын қорына қосылған құнды мұра. Ал өмір жолы – жас ғалымдарға бағыт-бағдар һәм табандылық пен ізденістің жарқын үлгісі.

 

Ардақ БЕЙСЕНБАЙ,

Л.Гумилев атындағы ­Еуразия ұлттық университетінің басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button