Мерейлі өнер ордасы

Білім беру жүйесін реформалау мен ұлттық білім беру моделін қалыптастыру жұмысына айтарлықтай өзгерістер енгізілді: жаңа үлгідегі мектептер, ұлттық мазмұнды оқу бағдарламалары жасалып, қолданысқа енгізіле бастады.
Қазақстанда 1960-1986 жылдар аралығында тың игеру солақай саясатының нәтижесінде жабылған 500 қазақ мектебінің орнын толтыруға әрекет жасалып, елді мекендерде қазақ мектептерін ашу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Осы бағдар бойынша 1991 жылы Целиноград қаласында қазақ тілінде дәріс беретін балалар музыка мектебі ашылған еді. Орыс тілінде жұмыс істейтін үш музыка мектебіне қазақ тілінде дәріс жүргізетін №4 балалар музыка мектебі қосылды. Ол уақытта бұл таңғаларлық жаңалық болған еді. Жергілікті халықтың еңсесі көтеріліп, келешекке үлкен үмітпен қарай бастады. Жаңа өнер ордасы еліміздің солтүстік өңірінде қазақ тілінде жұмыс істейтін тұңғыш және жалғыз музыка мектебі болды. Уақыт өте келе бүкіл қазақ еліне білім мен өнердің нұрын шашқан ағартушы оқу орнына айналды. Мектептің ашылу мәселесінде азаматтық танытып, ұйымдастыру кезеңінде оқу-өндірістік базасын қалыптастыруға айтарлықтай үлесін қосқан қалалық атқару комитетінің сол жылдағы төрағасы Аманжол Бөлекбаев пен Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназия директоры Жанна Байсейітованың есімін айта кетуді жөн көрдік.

Жаңадан ашылған балалар музыка мектебінің қалыптасу кезеңі өте ауыр болды: оқулық базасы жоқ, тіпті сабақ өткізетін жекеменшік ғимараты болмады. Ұстаздар сабақтарын көшіп-қонып жүріп әр мектептің бос бөлмелерінде өткізетін. Қазақ тілінде сабақ жүргізетін мамандар да жоқтың қасы, қазақша оқулықтар мен бағдарламалар да жоқ. Міне, осындай ең қиын бастапқы кезеңде 1992 жылы мектеп басшылығына Сәулеш Төлегенқызы Қанапиева тағайындалды. «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді» деп ұлы Абай айтқандай, жас директор өз ісіне үлкен құлшыныспен кірісті, өйткені тап сол кездегі мотивация күшті еді және көпшіліктің жаңа мектеп туралы дүдәмал ойы да жігерін қайрағандай күй кешті. Бұған қоса, мектеп ұжымы ұлтжанды ұстаздардан құрылған еді. Қазақ балалар музыка мектебінің бастауында ұлттық өнердің шынайы жанашырлары тұрды. Уақыт өте мектептің озат мұғалімдерінің еңбегі еленіп, Үкімет тарапынан лайықты марапатталды. Бұл ұстаздардың аттары мектеп тарихына алтын әріппен жазылуы тиіс. Олар Қазақстанның оқу саласының және мәдениет саласының үздігі, «Құрмет белгісі» орденінің, Ы.Алтынсарин атындағы медалінің иегері, мектептің бірінші директоры Оспан Сүлейменов; мектептің тұрақтануы мен өрлеуіне 30 жылдай еңбек сіңірген басшысы, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің, «Қазақстан даңқы» және «Сала көшбасшысы» ордендерінің иегері Сәулеш Қанапиева; әр жылдары мектепте дәріс жүргізген тәжірибелі ұстаздар Э.Омарова, Б.Омаров, К.Оралбаева, А.Жұмашев, Ү.Мырзақұлова, З.Бексейітова, Ә.Саркенова, З.Сейітова, Е.Слетдинов, С.Секимова, Г.Сарина, Г.Омарова, М.Османова, Ж.Қыдырменова, Ж.Жанайдарова, Г.Майкибаева, М.Сүлейменова, Ғ.Асадуллина, А.Абдрахманова, Ж.Исинтаева, Р.Жансүйгенова, Л.Топоркова, Ж.Оралбаева, М.Қожахметова, Р.Исаева, Б.Секербек, Т.Шерьязданов. Осы қатарда мектептің әкімшілік-шаруашылық бөлімінің ұжым мүшелері Дәметкен Мұхаметкәрімова, Аманкелді Бегимов, Серік Дәнекеров, Қарлығаш Бекишеваның ұзақ жылғы адал еңбегін атап өту керек.
Қазақ балалар музыка мектебінің толыққанды оқу орнына айналуына аянбай атсалысқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, домбырашы, дирижер, композитор Мұхаметқали Хасенұлы Тінәлин педагогикалық ұжымды қалыптастыруға көп көмек көрсетті, жаны жайсаң, кеңпейілді, дарынды өнер иесі, ұлтжанды азамат еді. Білікті ұстаздарды іздестіріп, мектепке шақырды, оқу-әдістемелік құралдар мен бағдарламалар құрастыруға да белсенділік танытып, барымен бөлісті, кәсіби музыкант – маман ретінде де кеңесін аямады. Музыка өңдеуші ретінде мектептің оркестр мен ансамбль ұжымдарына көптеген қазақ күйлері мен әндерін өңдеп жазды. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген халық даналығы осы кісіге арналып айтқандай әсер қалдырады.
Қазақ балалар музыка мектебінің тұрақтануына кәсіби көмек көрсеткен Қазақ ұлттық музыка академиясының (қазіргі К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті) профессорлар-оқытушылар құрамын да атап өтуді жөн көрдік. Бұл ұстаздар – айтулы өнер иелері Орынбай Дүйсен, Айтжан Тоқтаған, Қайрат Байбосынов, Пернебек Шегебаев, Раушан Мұсақожаева, Қапаш Құлышева, Нұрлан Измаилов, Дина Мәмбетова, Гүлнәр Әлпейісова, Серікжан Әбдінұров, Ербол Сарин, Күнімкүл Борамбаева, Шолпан Қорғанбекова, Айгүл Сағатова, Әбдіқадыр Қашқабаев сынды білікті мамандар. Тағы бір есімі ерекше атауға лайық музыкант – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші, дирижер, композитор Секен Кәрімұлы Тұрысбеков. Қазақ балалар музыка мектебіне алтын уақытын бөліп келіп, шеберлік сыныптар өткізіп, балалармен сұхбаттасып, ұстаздарға кеңес беріп, жанашырлық танытқан музыканттардың бірі осы Секен Тұрысбеков болды.
Биыл Астана қаласының №1 балалар музыка мектебі өзінің 35 жылдық торқалы тойын атап өтуде. Педагогикалық ұжым еңбегінің нәтижесін саралап, келешегін жоспарлауда, жаңа серпінмен, тың идеялармен жұмысын жалғастыруда. Ашылғаннан бері мектеп ұжымы талай байқаулар мен бақылаулардан сүрінбей өтіп, музыка мектептерінің арасында көшбасшы атанды. Мектептің табыс баспалдақтарына шолу жасасақ, 2006 жылы Женева қаласының «Жоғары сапалы білім үшін» номинациясының алтын медалін иеленген; Астана қалалық білім беру мекемелерінің 2009-2010 оқу жылғы қорытындысы бойынша «Үздік қосымша білім беру мекемесі» атағына ие болды, Астана қаласының әкімі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтің жеке грантын жеңіп алып, сонымен катар Астана қаласының №1 музыка мектебі атанды; 2012 жылы Қазақстан ұлттық ЮНЕСКО клубтарының федерациясы мүшелігіне енді; 2013 жылы Қазақстанның ұлттық бизнес-рейтингтер одағының мәдениет саласында мектеп директоры С.Т.Қанапиева «Сала көшбасшысы» орденімен марапатталды; 2014 жылы ҚР БҒМ ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған қаржыландыру грантын ұтып алды; 2015 жылы Астана қалалық қосымша білім беру жүйесінің «Алтын қоры» кітабына ұжымның бір топ ұстазы енді; 2016 жылы мектептің педагогикалық ұжымы мен жетекшісі Астана қаласы білім беру жүйесінің алтын қорына енгізілді. Бұл оқу орнының 35 жыл аралығында бағындырған биіктері мен кәсіби жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай.
Мектепте ғылыми-зерттеу жұмысы да кеңінен қамтылған. ҚР БҒМ «Ғылыми зерттеуді гранттық қаржыландыру» бағдарламасымен жұмыс істейтін педагогтар С.Т.Қанапиева, Г.Т.Әлпейісова, Ж.Ә.Файзулина «Балалар музыка мектебінің оқушыларын қазақстандық патриотизмге этномәдениет дәстүрінде тәрбиелеу: музыкалық қабілеттің қалыптасу мәселелері» тақырыбында ауқымды ғылыми жоба әзірлеген. Ұстаз Ш.Д.Қорғанбекова «Домбырашылар ансамбліне арналған күйлер мен шығармалар» жинағын, «Әлқисса – аманат» кітабын, «Елім-ай» оқу құралын дайындады. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ү.Ж.Мырзақұлова «Үздік маман» байқауының жеңімпазы ретінде Сарыарқа ауданы әкімінің грантын иеленді. Скрипка пәнінің оқытушысы З.Д.Сейітова «Қосымша білім беру үздік педагогі» атанып, Сарыарқа ауданы әкімінің құнды сыйлығымен және алғыс хатымен марапатталды.
«Ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы болып отыр» деп қазақтың ғұлама ойшылы, атақты жазушысы Мұхтар Әуезов өткен ғасырда айтып кеткен. Қазақ тілінде дәріс жүргізетін №1 балалар музыка мектебі – қазақ тілінің дамуына да өз үлесін қосып жүрген ұжым. Өнердегі әріптестеріміз музыка теориясының оқу бағдарламаларын, оқу-әдістемелік құралдарды, жұмыс дәптерлерін мемлекеттік тілде әзірлеп шығарған. Өркениетті, дамыған елдердің қатарына ену үшін мәдениеті жоғары қоғам қалыптастыру қажет екенін толығымен түсінген ұстаздар осы жолда барын салып еңбектенуде.
Мектептің қазіргі директоры Жанар Серікқызы Қалиева – өнер әлемін бір адамдай білетін тәжірибелі жетекші, педагогикалық ұжыммен тіл табысып, түсіністікте жұмыс істей алатын білікті педагог. Мектеп басшылығына шеберлік үлгісімен елімізге танымал болып жүрген ұжымды жаңа жетістіктерге жетелеу жолында қажымас қайрат пен қажырлы жігер тілейміз! Музыка мектебінің ұжымына толағай табыс, шығармашылық шабыт, ал мектептің талантты шәкірттеріне өнер әлемінің биігінен көріну бақытын тілейміз! Ең бастысы, қазақ өнерінің жұлдызы жана берсін!
Гүлнаш БЕРЖАНОВА,
ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері



