Мәдениет

«Судағы сағым» оқырманға жол тартты

Астана қаласында «Astana Eurasian Book Fair 2026» аясында Мира Шүйіншәлиеваның «Судағы сағым» атты жаңа кітабы мен  қазақ ертегілері топтастырылған «Ертегілер» жинағының ресми тұсаукесері өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Атамұра» баспасынан басылып шыққан кітаптардың тұсаукесеріне Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлы, ақын, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Серікзат Дүйсенғазы және зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында ұйымдастырылды. «Судағы сағым» кітабы – повесть пен әңгімелер жинағы. Кітапта қоғамның шынайы келбеті, адам жанының терең иірімдері, махаббат пен жалғыздық, өкініш пен арман тақырыптары көркем бейнеленеді.

– Автор өмірдің өткінші сәттерін астарлы түрде жеткізіп, оқырманды терең ойға жетелейді және жаңаша көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл кітапты бастан аяқ бір деммен оқып шықтым. Оқырманды еліктірер тұсы жетерлік. Бүгінгі іс-шарада Мира ханыммен кездесіп, оқырман ретіндегі өз тілегімді жеткіздім, – деді ақын Серікзат Дүйсенғазин.

Мира Шүйіншәлиева – жазушы-драматург, журналист. ҚР «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Ол Орал қалалық «Жайық үні» газетінің директор-редакторы. Оның «Махаббат бағы», «Шүберек қуыршақ», «Жүректегі құпия», «Өкініш», «Ар азабы», «Сабаз» атты әдеби-драмалық туындыларымен оқырман етене таныс.

Іс-шарада сөз алған Мира Шүйіншәлиева бұл еңбегі арқылы өмірдің өткінші сәттерін астарлы түрде бейнелеп, оқырманды терең ойға жетелеуді, сондай-ақ жаңа көзқарас қалыптастыруды мақсат еткенін атап өтті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button