«Шәкәрім оқулары» өтті

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада IV республикалық «Шәкәрім оқулары» байқауы өтті.
Рухани іс-шараға шәкәрімтанушы ғалымдар, белгілі ақын-жазушылар, әдебиетшілер, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ өңірлерден үздік шыққан оқушылар мен олардың ұстаздары қатысты.
Бұл тағылымды іс-шара Ұлттық академиялық кітапхана мен «Adal as» өндірістік корпорациясының бірлесіп ұйымдастыруымен биыл төртінші рет өткізілді. Байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 5-8 сынып оқушылары арасынан 2000-ға жуық үміткер қатысып, жоғары белсенділік танытты.
Байқаудың мақсаты – оқушыларды Шәкәрім Құдайбердіұлының мұрасымен таныстыру, оның шығармаларын тереңірек зерттеуге ынталандыру. Сонымен қатар ақынның философиялық еңбектерін жас ұрпақтың түсініп, ой қорытуына мүмкіндік жасау және шығармаларын кеңінен насихаттау көзделді. Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды: бірінші кезең – облыстық, екінші кезең – республикалық. Биылғы байқауға 13 облыс пен Астана және Алматы қалаларынан жалпы 15 үміткер қатысты. Әр өңірден үздік деп танылған бір оқушы Астана қаласында өткен байқаудың қорытынды кезеңінде бақ сынады.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Жасбатыр Жанәділ (Жетісу облысы, Қаратал ауданы) иеленді. І орынды Аружан Сқақ (Абай облысы, Аягөз ауданы) жеңіп алды. ІІ орын Айназым Болатқа (Ақтау қаласы) бұйырса, ІІІ орынды Амантай Қанатбек (Алматы облысы, Қарасай ауданы) иеленді. Осындай рухани байқаулар жас ұрпақтың ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, Шәкәрім Құдайбердіұлының мол мұрасын кеңінен насихаттауға зор мүмкіндік береді.



