Елорда тынысы

«Астана Тазалық» ЖШС өз жұмысын қорытындылап, жетістіктерін таныстырды

«Астана Тазалық» ЖШС қысқы мезгіліндегі ауқымды жұмыстардың нәтижесін қорытындылап, цифрлық трансформация бағытындағы жетістіктерін таныстырды және қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шараларын жария етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Кәсіпорын мәліметінше, қыс мезгілінің басынан бері коммуналдық қызметкерлер 2,2 млн текше метрден астам қар шығарған. Сондай ақ, күн сайын қала көшелерін тазалауға 600-ден астам арнайы техника мен 750-ден аса жол жұмысшысы жұмылдырылды. Кәсіпорынның бас директоры Замир Сағиновтың айтуынша, қалыптасқан жұмыс жүйесі күрделі ауа райы жағдайында да көшелерді үздіксіз тазалауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.

Өткен жылмен салыстырғанда техникалар паркі едәуір жаңартылып, маршруттар саны артты, жаяу жүргіншілер аймақтарындағы жұмыстар күшейтілді. Қазіргі уақытта кәсіпорын көктемгі-жазғы режимге көшті. Суару-жуу машиналары, вакуумдық техникалар мен арнайы жабдықтар дайындалып, бекітілген кестеге сәйкес көшелерді жуу, аялдамалар мен тротуарларды тазалау, қоқыс шығару жұмыстары жүргізілуде. Күн сайын бұл жұмыстарға 600-ге дейін қызметкер тартылады.

Бүгінде «Астана Тазалықтың» тәжірибесі еліміздің өңірлерінде ғана емес, шет мемлекеттер де қызығушылық тудырған.

Соның ішінде электрондық жол парағы жүйесі басты назарда. Бұл жүйе арнайы техниканың жұмысын нақты уақыт режимінде толық бақылауға мүмкіндік береді – қозғалыс бағыттарынан бастап орындалған жұмыс көлемі мен материал шығынына дейін қамтиды. Қазіргі таңда жүйе жүздеген техникаға енгізіліп, тиімділігін көрсетуде: жол парағын рәсімдеу уақыты 10 минуттан 1 минутқа дейін қысқарған, цифрлық бақылау арқылы жанармай шығыны 10%-ға дейін үнемделуде, өндірістік үдерістердің ашықтығы қамтамасыз етілген.

Іс-шара барысында қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шаралары да таныстырылды. Атап айтқанда, 7 қызметкерге екінші деңгейлі банктер арқылы ипотека рәсімдеу кезінде бастапқы жарнаның 50%-ын өтеуге арналған сертификаттар табысталды.

Бұған дейін де кәсіпорын бірқатар әлеуметтік бастаманы жүзеге асырған. Өткен жылы жол жұмысшыларына арналған тұрмыстық үй-жайлар толық жаңартылып, заманауи демалыс бөлмелерімен қамтамасыз етілді. Жоба Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен іске асырылып, Есіл және Нұра аудандарында жалпы ауданы шамамен 1000 шаршы метрді құрайтын 10 нысан жаңғыртылды. Сонымен қатар, қызметкерлерге арналған 17 пәтер (бір және екі бөлмелі) және 80 орындық жатақхана пайдалануға берілді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button