Жылу және электрмен қамтамасыз ету жүйесінің дамуы талқыланды

«Астана бас жоспары» ҒЗЖИ-де Астана қаласын жылумен және электрмен қамтамасыз ету жүйесінің дамуы талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Астана қаласының Энергетика басқармасы» ММ басшысы Әділ Қынатов төрағалық еткен кеңесте Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаменті, Жылу энергетикасын дамыту басқармасы, «Астана-Теплотранзит» АҚ, «Астана-РЭК» АҚ мамандары қатысты.
«Астана бас жоспары» ҒЗЖИ бас директорының орынбасары Азамат Хамитов елорданың бас жоспарына сәйкес жылумен қамту жүйесінің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы ақпарат берді.
Қазіргі уақытта қалада ЖЭО-1, ЖЭО-2 және ЖЭО-3, «Юго-Восток» және «Тұран» газ қазандықтары жұмыс істеп тұр, сондай-ақ орталықсыздандырылған жылу жабдықтау жүйесі қолданылады. Сонымен қатар «Тельман» газ қазандығы салынып жатыр, «Юго-Запад» газ қазандығының жобасы әзірленуде.
Астана қаласының бас жоспарына сәйкес демографиялық болжамдар мен жүктемелерді есепке ала отырып жылу және энергиямен қамтамасыз ету жүйесін дамытудың перспективалық жобаларын жүзеге асыру үшін жергілікті және орталық деңгейдегі мемлекеттік органдардың бірлескен қызметінің маңыздылығы айтылды. Сондай-ақ, ЖЭО-2 кеңейтіліп, ЖЭО-3 екінші кезеңінің құрылысын бастау қажеттілігі атап өтілді.



