Қала мен сала

Елордада 217 мың бейнебақылау камерасы жұмыс істейді

Елорда Полиция департаменті мен қала әкімдігі бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Елді мекендерді бейнебақылау жүйелерімен жаппай қамту» жобасы аясында қалалық бейнекамералар желісін кезең-кезеңімен кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде қала аумағын кеңінен қамтуға, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, сондай-ақ құқық бұзушылықтарды анықтау мен ашу тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Қазіргі таңда елордада 217 мың бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, оның ішінде 56 мың камера Полицияның Жедел басқару орталығына қосылған. Олардың көмегімен өткен жылы 3 000-нан астам қылмыс ашылып, шамамен 41 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Ал ағымдағы жылы 400-ден астам қылмыс ашылып, 9 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.

Камералар тұрғын үйлердің кіреберістері мен аулаларында, ірі сауда үйлері мен сауда-ойын-сауық орталықтарында, қоғамдық орындарда, көлік инфрақұрылымы нысандарында, сондай-ақ білім беру мекемелері мен мемлекеттік ұйымдарда орнатылған. Камералардың саны мен орналасуы туралы мәліметтер ай сайын жаңартылып, қаладағы жағдайдың толық көрінісін бақылауға мүмкіндік береді.
Жедел басқару орталығына қосылған камералар нақты уақыт режимінде жағдайды бақылап, оқиғаларға жедел әрекет етуге жағдай жасап, құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін арттырады.

Алдағы уақытта барлық бейнекамераларды «Ұлттық бейнемониторинг жүйесі» атты бірыңғай платформаға біріктіру жоспарлануда. Бұл жоба цифрлық технологиялар арқылы қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға және құқық бұзушылықтарға дер кезінде тиімді әрекет етуге бағытталған.

Полиция департаменті елорда тұрғындарын сақ болуға, заң мен қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады. Сонымен қатар цифрландыру мен бейнемониторинг жүйесін кеңейту азаматтардың қауіпсіздігін едәуір арттыратынын атап өтеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button