21 сарбаз әскерге аттанды
Астана қаласындағы «Жастар» сарайында «Ел қорғау – нағыз ерлер ісі!» акциясы өтті. Әскери-патриоттық акцияға ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, Астана қаласының әкімінің орынбасары, ҚР ҰҚК Шекара қызметі басшылығы, Астана қаласы әкімдігінің басқармаларының басшылығы, ҚР ҚК, ҚР ҰҚК Шекара қызметі әскери қызметшілері мен ардагерлері қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне жас сарбаздарды шығарып салу салтанатты түрде ұйымдастырылды.

— 21 сарбаз Шығыс Қазақстан облысы Зайсаңға шекара қызметіне барады. Шекара қызметіне барушылар арнайы қауіпсіздік комитетінің талаптары бойынша іріктелді. Бүгінгі шараның негізгі мақсаты мектеп түлектерін әскерден қалмай баруға, оларды Отан алдындағы борышын өтеуге шақырамыз. Шараға 700-ден астам қала мектептерінің оқушылары және «Жас сарбаз» жасөспімімдер мен балалар ӘПК тәрбиеленушілері, курсанттар мен мерзімді әскери қызмет қызметшілері қатысып отыр, -деді Шекара қызметі тәрбиелік–идеологиялық және кадрлық жұмыстары департаменті басшысының орынбасары Берік Жиенбаев.

— 18 жасқа келген жігіттерді әскерге жіберейін деп жиналап отырмыз. Жалпы Астана қаласы бойынша 1400 азамат әскерге шақырылатын көрінеді. Балалар міндеттерін абыройымен атқарып, аман-есен келуін тілеймін. Ел мен жерді қорғау әрбір азаматтың міндеті болғандықтан, сәттілік тілеймін, — деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов.

Жастарды әскери патриоттық тәрбиелеу және әскери қызметтің оң беделін көтеру мақсатында мектеп оқушыларына әскери техника мен қару-жарақ түрлері, киім үлгілері көрмесі ұсынылды. Арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



