Тағылымды өмір тәлімі

Елге қызмет ете жүріп, отбасының да қамын жасауға үлгеретін, бар болмысымен айналасына үлгі-өнеге көрсететін және ұрпағына тәлімді тәрбие беріп те ерекшеленетін асыл аналар ел ішінде баршылық. Солардың бірі – өмірін ұстаздыққа арнап, әулетінің де жағдайын жасай білген, жарымен бірге ұстаздар отбасын құрған Үміт Жұмашқызы Кенжебаева биыл наурызда 90 жасқа шықты.
Абыройлы қызмет етіп, айналасына қамқорлығы, мейірім-шапағаты мен шуағын шашқан асыл ана ғасырға жуық ғұмырында елден тек бата алды, ал бүгінде өзі де бәрі батасын алуға асығатын және берген батасы қабыл болатын кейуанаға айналды. 1936 жылы 25 наурызда бұрынғы Гурьев қаласында дүниеге келген Үміт Жұмашқызы соғыс басталған кезде небәрі 5 жаста болды. Елдің бас көтерер азаматтарының бәрі соғысқа аттанып, оның әкесі де майдан даласына көппен бірге кетті, сол кеткеннен оралмады. Ұрыс даласында ерлігімен көзге түскен әкесі «За отвагу», «За боевые заслуги» деген медальдармен марапатталды. Жастайынан әкесіз қалған Үміт әже әкеге деген сағынышын өмір бойына арқалап келеді. Бар ауыртпалық өзіне түскен анасы ауыр жұмыс істеп, бүкіл туыстарды асырау үшін қасапханада еңбек етті. Сөйтіп балаларын өсіріп, жетілдірді. Үміт қызы үмітін ақтап, мектепті жақсы бағаға бітірді де, Алматыға жоғары білім алуға аттанды. Сол кездегі С.М.Киров, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің дәрістерін тыңдады. Сол жылдары филология факультетінде қазақ әдебиетінің болашақ классиктері Қадыр Мырза Әлі, Қайрат Жұмағалиев, Тұманбай Молдағалиев оқыды. Саз бен сурет және сөз өнерінің биігінен көрінген Ілия Жақановпен бірге оқыды. Болашақ жары Мақсотпен де киелі шаңырақ – ҚазҰУ-де жүргенде танысты. Бір-біріне деген адал сезімі мен көңілін байқаған екі жас университет бітіргеннен кейін үйленіп, отбасын құрды да, жолдамамен Орынборға кетті. Осылайша педагогтар отбасын құраған екеуі жас маман ретінде еңбек жолын бастап, тәжірибе жинақтап, бас маманға айналды. Өмір бойы қол ұстасып, ауданнан ауданға, мектептен мектепке бірге жүріп, оқу-ағарту саласында талмай еңбек етті. Болашақ ұрпақты білім нәрімен сусындатып, елдің ертеңіне қызмет ететін мықты шәкірттер тәрбиелеп шығарды.
Жан жары Мақсот Құсайынұлы – елге белгілі азамат, Ақтөбеде оның атында дарынды балаларға арналған мектеп-интернат бар. Сол мектепті жұбайы Мақсот 17 жыл басқарған. Ал өзі қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен сабақ берді. Еңбек ете жүріп, отбасының да қамын күйттей білген Үміт Жұмашқызы – дүниеге төрт қыз әкелген ардақты ана. Атақты қос педагогтың қыздары да осал болмады, үшеуі Мәскеуде оқып, екеуі химия ғылымының кандидаттары атанды. Кенжесі дәрігерлік жолды таңдады. Бүгінде осы қыздарынан немерелері мен шөбелері өсіп келеді.
Үлкен жауапкершілікті талап ететін ұстаздық қызметінде елдің балаларын тәрбиелесе, үйде өз қыздарын да назарынан тыс қалдырмаған Үміт ана жарының барлық жағдайын жасап, оның да жұмысының алға басуына септік етті. Бүгінде 90 жылдық мерейтойын сол ұрпақтарының алдында атап өтіп жатқан асыл текті ана әлі күнге үзбей кітап оқиды, поэзияны жақсы көреді. Үміт анамыз – республикалық басылымдарға қоса, біздің «Астана ақшамы» газетінің де тұрақты оқырманы. Саналы ғұмырын сауатты ұрпақ тәрбиелеуге арнаған Үміт әженің жасы ғасырдан асып, әулетінің ғана емес, елінің тілеуін әлі де ұзақ жылдар тілеп, кейінгіге баталы сөзін арнай берсін!
Райхан РАХМЕТОВА



