Әлеумет

Онлайн-сауда зиянын тигізбесін!

Елімізде жүргізіліп жатқан реформалар аясында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән берілуде. Жаңа Конституцияда қоғамның басты сұранысының бірі – адам өмірі мен денсаулығына қолайлы орта қалыптастыру, табиғатқа жанашырлықпен қарауды іргелі қағидат ретінде орнықтыру.

Аталған ұстаным экологиялық қауіпсіздікті мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындап, табиғатты қорғау ісін жаңа деңгейде жүйелі жаңғыртуға мүмкіндік береді. Осы бағытта Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бас­тамасы қоғамда экология мәдениетін қалыптастыруға және табиғатты аялау жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастамаға айналды. Оны іске асыруда Amanat партиясы экология­лық жауапкершілікті арттыруға бағытталған жүйелі ­жұмыс жүргізіп отыр.

Соңғы жылдары электрондық сауда экономиканың маңызды сегментіне айналып, онлайн-платформалар арқылы сауда жасау кең тарады. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы электрондық саудаға қатысты 18237 өтініш тіркеліп, бұл сала тұтынушылық қатынас­тардың маңызды бөлігіне айналғанын көрсетеді. Онлайн-сауданың кеңеюі бір жағынан халыққа қолайлы болса, екінші жағынан экологиялық мәселелерді де алға шығарып отыр. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, тауарды зақымдамай жеткізу үшін пластик, пленка, картон секілді көптеген «шығын материалдары» қолданылады. Жеткізілгеннен кейін олардың басым бөлігі қоқысқа тасталады. Нәтижесінде тұрмыстық қатты қалдықтар құрамындағы қаптама үлесі артып, полигондарға түсетін жүктеме жылдан-жылға көбейіп келеді. Екіншіден, жеткізу процесі көптеген көлік тасымалын талап етеді. Әлемдік зерттеулерге сәйкес, жүк пен тауар тасымалы кезінде көмірқышқыл газының бөлінуі шамамен 24 пайыз­ды құрайды, оның ішінде негізгі үлес жеңіл және жүк көліктеріне тиесілі. Сонымен қатар елімізде жыл сайын 4,5-5 миллион тоннадан астам коммуналдық қалдық түзіледі, ал қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 2025 жылы шамамен 28 пайызды ғана құрады. Бірқатар өңірде мәселенің күрделене түсуі сұрыптау инфрақұрылы­мының жеткіліксіздігімен және бизнестің қаптама көлемін азайтуға немесе қайта пайдаланатын ыдыс жүйесін дамытуға экономикалық ынталандырудың әлсіздігімен байланысты.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, маркетплейс­терде жеткізудің соңғы кезеңінде электр көліктерін пайдалану көміртегі бөлінуі азайтуға тиімді болып отыр. Мысалы, бірқатар елде маркетплейстер қаптамаларды өздері қайта өңдеп, қайта пайдаланатын орау жүйесін енгізу арқылы экологиялық жауапкершілікті күшейтіп келеді. Ал елімізде мұндай тәжірибе әлі де кеңінен енгізуді қажет етеді. Сондықтан электрондық сауданың дамуы экологиялық жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс. Табиғатты қорғау – тек мемлекеттің ғана емес, бизнес пен қоғамның да ортақ міндеті. Осыған байланыс­ты электрондық сауда саласының қарқынды дамуын ескере отырып, экологиялық жүктемені азайту және қалдықтарды тиімді басқару мақсатында мынадай нақты ұсыныстарды қарастыруды ұсынамыз:

Біріншіден, электрондық саудада қолданылатын бір реттік қаптаманы қысқарту бойынша нақты нормативтік талаптар енгізіп, қайта пайдаланылатын әрі экология­лық қауіпсіз қаптама үлесін кезең-кезеңімен арттыру.

Екіншіден, ірі онлайн- платформалар мен жет­кізу компаниялары үшін қап­тама қалдықтарын жинау және қайта өңдеу бойынша кеңейтілген экологиялық жауапкершілік механизмін енгізу.

Үшіншіден, ірі қалаларда қайтарымды контейнерлер, жәшіктер және көп рет қолданатын қаптама жүйесін енгізуге арналған қанатқақты жобаларды іске қосу.

Төртіншіден, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту мақсатында өңірлерде заманауи сұрыптау кешендерін көбейтіп, осы салаға инвестиция тарту үшін экономикалық ынталандыру шараларын күшейту.

Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ,

Мәжіліс депутаты

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button