Балалардың терезеден құлауына қатысты астаналықтарға үндеу жасалды
Елордалық ТЖД мамандары балалардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алу бойынша ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Күн жылынған сәттен бастап қауіпсіздік шараларына көбірек көңіл бөлу керек», — дейді елордалық құтқарушылар.
Балалар жарақатын азайтудың негізгі қауіпсіздік ережелері:
— үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық қалдырмаңыз, өйткені бұл баланың өмірі мен денсаулығы үшін үлкен қауіп болмақ;
— балаларды қараусыз қалдырмаңыз, әсіресе терезенің алдында ойнатпаңыз;
— терезедегі масалардан қорғайтын торға сүйеніп тұруға болмайды, бала сол торға алданып, құлап кетуі мүмкін;
— баланың терезені өз бетінше ашуына кедергі келтіретін қауіпсіздік құлыптарын (блокаторлар) орнату керек;
— бала терезенің алдына шығып кетпес үшін жиһазды терезенің жанына қоймаңыз.



