Қымызға қатысты жоралғылар мен рәсімдер

Қымыздың тарихы тереңде жатыр. Қымызға қатысты деректерді саралағанда осы бір құрметті әрі қадірлі сусынның көшпелі халықтың өмірінде үлкен рөл атқарғандығына куә боламыз. Жазбаша деректер мен далалық материалдар қымызға қатысты рәсімдер мен жөн-жоралғылардың 800 жылдан аса уақыт бойына жалғасын тауып келетіндігін көрсетеді.
«Аңыз бойынша, алғаш адам баласы жылқыны қолға үйреткен заманда биені сауып, сүтін қайнатып, құрт-ірімшік жасамақшы болыпты. Ол әрекетінен ештеңе шықпаған екен. Сонда Қамбар ата бие сүтінен қымыз ашытып, халыққа үйреткен деседі…» Ал, қымызға қатысты мерекелер мен рәсімдерді зерделегенде орта ғасырларда қымызды құрбандық ретінде аспанға, жарықтың төрт бағытына, тауға, туға бүркуге қолданғандығын тұжырымдаймыз. Ерте орта ғасырлық деректер далалық жылқы өсіру мәдениетінің экологиялық табиғаты «мифоәлеуметтанулық» әлеуметтік ұйымға негізделгендігін айғақтайды. Дамыған және кейінгі орта ғасырларда далалық мемлекеттік құрылымдардағы империялық бастамалар әлеуметтік құрылымдардың мифоәлеуметтанулық табиғатына өктемдік ете бастады. Нәтижесінде, қымызға қатысты рәсімдер мен ғұрыптар саяси иерархияланған рәсімдер мәртебесіне айнала бастады. Кеңестік кезеңге дейін және кеңестік кезеңнің басында (ХХ ғасырдың 30 жылдарына дейін) қазақ халқының арасында қымызға қатысты рәсімдер мен ғұрыптардың өз мәнін жоймағандығын деректер көрсетеді. Кеңестер билігі мерекелік мәдениетті саясат шеңберіне орай реттей бастағанда, қымызға қатысты дәстүрлі рәсімдер кешені үй іші рәсімдерінде қана орындалды. Сол кезеңде жылқы өсіруге қатысты мерекелер қоғамдық кеңістіктен жоғалып, бақташы күні және сабантой мейрамдары өмірден орын алды. Бұл екі мейрам КСРО территориясында әмбебап сипатты иеленді. Қазіргі уақытта қымызға қатысты мерекелер, рәсімдер мен ғұрыптар қазақ ауылдарында сақталған деп айтуға болады. Сонымен қатар этнографиялық фестивалдер мен мерекелер («Терісаққан көктемі», «Қымызмұрындық», «Көкмайса») түрінде де көрініс беруде. Олар қазіргі жағдайда қазақ-жылқышыларының материалды емес мәдени мұрасын тасымалдаушылар сапасында әрекет етуде. Олар әлемдік кеңістікке жылқы өсіру дәсүрін, қымыз рәсімдік кешенін танымал етуге ықпал етуде («Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі мерекелік ғұрыптары — бие байлау, айғыр қосу, қымызмұрындық» элементі Бүкіләлемдік материалды емес мәдени мұраның «Салт, ғұрыптар және мерекелер» категориясының (Казахстан: Традиционные весенние…). репрезентативті тізіміне енуі және қымызды сапыру рәсіміне қатысушылар саны бойынша рекорд-Гиннесс Рекордтар кітабына жазылуы). Қазақы қалып толық сақталған замандардағы қымызға қатысты жөн-жоралғылар, қымыз сапасы және осы тектес мәселелерді ұлттық болмысымызға сай зерделеп, зерттеу қазіргі күні өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
ХХ ғасырдың басында-ақ зерттеушілер назарына ілікті. Шығыстанушы В.В Бартольд осы мәселеге алғашқылардың бірі болып көңіл аударды. 1909 жылы жарияланған Г.Н. Потаниннің 70 жылдығына арналған жинақта оның ақын, тарихшы, сопы Махмуд бен Эмир Валидің «Бахр аласрар фи манакиб ал-ахйар» (1630-35 жж. жазылған) шығармасына талдау жасаған «Церемониал при дворе узбецких ханов в VII веке» атты мақаласы жарияланды. Онда сабадар (қымыз сабасын меңгеруші) рөлін, қымыз ішу рәсімінің қатаң иерархиясын ерекше атап көрсетеді (Бартольд, 1909: 293-308). «Оқиғаның егжей-тегжейлі баяндалуына қарай отырып, қазіргі орыстық Түркістанның мәдени облыстарында өздерінің билігін орнатқан өзбек хандары ХУІ ғасырдың басы мен ХУІІ ғасырдың ортасында көшпелі өмір және рулық құрылыс дәстүрлерімен санасуға тиісті болды. Олардың сарайлары Хиуа және Бұқара хандарының сарайларынан ерекшеленді». Қазіргі зерттеушілердің бірі А.Г. Юрченко де Шыңғысхан империясындағы қымызға қатысты рәсімдер мен оның мемлекеттік саясаттағы мәні тақырыбына көңіл аударды. Оның еңбектерінде қымызға қатысты рәсімдер, Шыңғысхан саясаты, көзқарасы, яғни шет жерліктерді империялық және мәдени кеңістікке енгізу тұрғысынан қарастырылады. Ғалым қымыздың діни рәсімдерге қатысы жоқтығын, жаңа бағынушыларды мадақтаған құрметті дәм — сый болғандығын алға тартады. А.Г. Юрченко өзінің «Элита Монгольской империи: время праздников, время казней» атты кітабында тарихи деректер негізінде империялық мейрамдар – Ұлы Құрылтайдың дәстүрлі күнтізбелік рәсімдер мен астральды цикльге айқын байланыстылығын баяндайды. Сонымен қатар, «осындай тұрғыдағы шаралар астарында алыс аймақтардағы орынбасарлардың орталық билікке деген адалдығын тұжырымдайтын жоғарғы билеушімен тікелей, жеке байланысы жатты» — деген тұжырым жасайды. Зерттеуші басты төрт империялық мейрамдарды атап көрсетеді: жаңа жыл, боз биенің сүтін ішу мерекесі, екінші жарты жылдың басы, ай жылының ортасы рәсімдері (праздники возлияния молоком белых кобылиц, начала второго полугодия, середины лунного года). Бұлар Жер мен Аспанды құрметтеуден туындаған. Осы айтылғанды бірнеше деректер дәлелдейді. Соның қатарында армян деректерін де атауға болады. Вардан тарихында 1264 жылы шілдеде ұлы Ильхан Хулагу Жаңа жыл құрметіне орай мереке ұйымдастыратындығы жазылып, одан әрі: «Бұл мерекелік күндер, яғни мәжіліс күндеріндегі мереке Құрылтай деп аталды және ол бір айға созылады. Осы уақытта, яғни мереке күндері Шыңғысханның туыстары, өзге хандар жаңа киімдерін киініп қажетті мәселелерді талқылау үшін өздерінің билеушілеріне келеді. Әрбір күн сайын олар өзге түстегі киімдер киеді. Мереке күндері оның қол астындағы патшалар мен сұлтандар үлкен сыйлықтармен келеді».
Кеңестік этнографияда қазақтардың қымызға қатысты мерекелері жазылды. КСРО Ғылым Академиясы Қазақстандық экспедициясының Антропологиялық отрядына қатысушылар – С.И. Руденко и Ф.А. Фиельструп 1927 жылы бірінші көктемгі құлын байлау рәсімін, бірінші сауылған қымызбен мерекелік дәм татқызу жоралғыларын, қымыз даярлау ерекшеліктерін сонымен бірге қымыз дәмінің қымызды сапыру санына байланыстылығы туралы деректерді тіркеді.
Ал, этнограф А.Тоқтабай қымыз, қымызмұрындық тақырыбын тыңғылықты зерттеген ғалым. «Қымызмұрындық» атты еңбегінде қымызмұрындық мерекесіне қатысты жан-жақты талдау жасаған. Қымызмұрындыққа анықтама беруден бастап, оны қымыз тойы деп атай отырып, жан-жақты сипаттаған. Жетісу, Батыс Қазақстанда қымызмұрындық, Сарыарқада биемұрындық, Шыңжанда биебау, Моңғолияда бие байлар деп аталатындығын, олардың мағынасы бір екендігін, ұлттық сипаты жағынан Наурыз мерекесі мен Құрбан айттан кем түспейтіндігін жазады. «Қымызмұрындық қазақтың Ұлыстың ұлы күні – Наурыздан кейінгі үлкен тойы»,- деген тұжырым жасайды.
Тарихи деректер мен этнографиялық реалдылықтағы қымызға қатысты рәсімдер мен ғұрыптарға тоқталсақ: тарихи деректер далалық мәдениеттегі қымыз бүрку рәсімінің тұрақты сипатта болғандығын айғақтайды. Далалық Еуразияда ертеден қымыз құрбандық ретінде қарастырылды. 1240 жылы «Юань чао би ши» (Сокровенное сказание [монголах]) шығармасында Шыңғысханның ғажайып құтқарылғаны үшін Буркан тауына ризашылықпен құрбандық беруі суреттеледі. Алайда, құрбандық аталып көрсетілмейді. Қымыздың аты аталуы, қымыздың құрбандық ретінде себілгендігін дәлелдейді. Деректе: «Бурхан-халдунмен менің өмірім қорғалған. Сұмдық қорқынышты жағдайды басымнан кештім. Әрбір таңда оған ғибадат етемін (өрмелеп шығып) және әр күн сайын дұғамды айтамын. Ия, ұрпақтарымның ұрпақтары түсінсін!»,-деп айтып, күнге бетін қаратып белдігін мойнына байлап, бас киімін қолына алып, кеудесін жалаңаштап, күнге 9 рет иілді (күн жаққа) және бүрку мен сыйынуды аяқтады», – деп жазылған. Б.Я. Владимирцов кітабында осы мәтін неғұрлым нақтырақ баяндалады: «Темучин белдігін шешті, оны мойнына ілді, бас киімін шешті, оны қолына ілді, кеудесін ұрып, тоғыз мәрте тізе бүгіп қымызды бүркіді». Шыңғысхан: «Буркан тауы менің байғұс өмірімді қорғады, бұдан былай оған әрқашан құрбандық шалып отырамын және балаларым мен немерелеріме құрбандық әкеліп отырыңдар деп өсиет етемін»,-деген деректер де бар.
Армян тарихшысы К. Гандзакеци қымызға қатысты рәсімдердің қымызбен құрбандық беруден басталатындығын айтады: «Қымызды ішер алдында…, олардың ішінен біреуі шығып үлкен ыдысты бір қолына ұстайды, ал екіншісі кіші тостағанды ұстап тұрады, Үлкен ыдыстан қымыз кіші ыдысқа құйылады. Сосын алдымен аспанға, шығыс, солүстік және оңтүстік бағытына қымыз бүркиді. Содан кейін қымызды бүркіген адам қымыздан шамалы дәм татып ыдысты үлкенге ұсынады». Қытай деректерінде де «Олар шарап ішердің алдында әрдайым ең алдымен шарапты бүркіп алады» деген мәліметтер бар. Туға қымыз бүрку рәсімі Үндістанда болашақ Тимуридтер (Бабуридтер) империясының (1521-1857 (68) жж.) негізін салушы Захириддин Мухаммед Бабыр (1483-1530) еңбектерінде кездеседі. 1501 жылы (хижра жылы бойынша 907 ж.) рәсімге тікелей қатысып, куәгер болған Бабыр: «моңғол салты бойынша ту түсірілді. Хан атынан түсті. Ханның алдына 9 туды жерге қадады. Бір моғол өгіздің алдыңғы аяғының сүйегіне ұзын ақ кенепті байлап, оны қолына ұстап тұрды. Үш ұзын кенеп үш туға байланды. Бір кенептің ұшын Хан аяғымен басып тұрды. Басқа туға байланған кенептің ұшын мен басып тұрдым. Үшінші кенептің ұшын Сұлтан Мухаммед Ханике басып тұрды. Қолына кенеп байланған өгіздің жілігін ұстаған моғол туға қарап моғолша бірнәрсерлер айтып, бір қимыл (белгі) жасады. Хан және оның қасында тұрғандар қымызды туға қарата бүрке бастады. Бәрі бір деммен труба тартып, барабан соқты. Сапта тұрған жауынгерлер бәрі бір адамдай жауынгерлік ұрандарын айтты. Бұның барлығын үш мәрте жасап, содан соң аттарына отырып, айқаймен лагер айналасында шауып жүрді». Орта ғасырларда қымыз тойдың міндетті әрі мәртебелі дәм сыйы болып қала берді. Орта ғасырлық бір шығармада: «Пісіп, бөлінген еттерді молынан әкелді… және бие сүтінен қымыз толтырылған көптеген ыдыстар қойылып, ішіп-жей бастады»,- деп жазылған.
Қымызға қатысты рәсімдердің суреттелуі оңтүстік сун дипломаты Пэн Да-я мен Сюй-Тин «Хэй да ши люе» («Краткие сведения о черных татарах») атты жазбаларында да кездеседі. Жазбаның жазылған уақыты 1233 ж. (Пэн Да-я) және 1235-1236 жж. (Сюй Тин) екендігін қытай зерттеушісі Вн Го-вэй (1877-1929) анықтаған еді. Оның мәліметтеріне сүйенсек, жазба авторлары Оңтүстік Қытайға сол уақыттарда Хэнанды басып алған чжурчжэндерге қарсы бірлескен әскери қимылдар жүргізу туралы ұсыныспен келген моңғол елшісіне жауап ретінде «ризашылығын білдіру» мақсатында моңғол сарайына жіберілген елшілер құрамында болған (Пэн Да-я, Сюй Тин, 1960: 133). Жазбада қымызға қатысты рәсімдер суреттеліп қана қоймай, сонымен қатар оның шығу тегі түсіндірілген.
400 жылдан соң қымызды беру (тарату) рәсімі Махмуд вен Валидің Бұқара мен Самарқанд, Балх билеушісі Аштарханид Надир-Мухаммед-хан (1634-1641 жж.) бұйрығымен жазылған «Бахр Ал-Асрар Фи Манакиб Ал-Ахйар («Море тайн, относительно доблестей благородных») шығармасында бейнеленеді. Жоғарыда келтірілген деректер XIII-XVII ғасырлар бойы Яса ережелерімен реттелген және әскери тұрмыспен, сонымен қатар далалық империялар мен мемлекеттердің саясатымен үздіксіз байланыста болған қымызбен сыйлау рәсімінің сипатын көрсетеді. Қымызбен сыйлау рәсімінің уақыт өте келе жеңілдетілгендігін де алға тартады.
Этнографиялық өмірдегі қымызға қатысты мерекелер мен ғұрыптарға тоқталсақ: Қазақтарда қымызға қатысты күнтізбелік мерекелер тұрақты түрде сақталуда. Қымыз қазақ халқының қонақжайлылығының басты символдарының бірі. Қымызға қатысты рәсімдер де түрлі жөн-жоралғылар да жеткілікті. Қазақ халқында «қымыз көптің асы»,- деген де түсінік бар. Дәстүрлі қоғамда бие байлап, қымыз ашытып отырған үйге кез-келген адам түсіп, қымыз ішуіне болады. Қымызды ер адам құйған. Оң жақты жағалай отырғандардың ең шетіндегі жасы кішісі құйған. Оны аяқшы деп атаған Көктемгі мерекеге бие байлау (биебайлар), айғыр қосу, қымызмұрындық (биемұрындық) жатады. Күзде соңғы қымыз мерекесі сірге жияр (сірге мөлдіретер) дәстүрлі түрде тойланады. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиясында бие байлау туралы былай деп жазылған: «бие байлау-бие сауып, қымыз ашыту. …Ел жайлауға шыққан кезде сауылатын биелерді бөле бастайды. Алдымен желі тарту үшін қазықтар қағылады, бірінші қазықты жылда арнайы қазық қағып жүрген тоқпақтың сабына ақ мата байлап, үлкен ақсақалдардың бірі қағу ишарасын жасайды. Желі тартқанда әрбір бес құлынның ортасына бір қазық қағылады. Желі маңы биебау деп аталады. Әйелдер сабалар мен көнектерді әбден жуып, желінің басына кептіреді. Малым құт әкелсін деген ниетпен биебаудың үш қазығының, желі арқанның басына, айғырдың жалына, биенің сауырына сары май жағады. …Құлындарды желіге байлаған соң, биебаудың шайын дайындайды».
Қазақ халқы қымыз құятын ыдыстарға ерекше мән берген. Күбі еменнен жасалған ауыз жағы тарлау, түп жағы кеңдеу ыдыс болса, ал саба негізінен жылқының терісінен жасалған. Қымызды күбіден кеңдеу ыдысқа құйып алып, содан кейін сапырып алып, ожаумен (шөмішпен) кеселерге құйып, екі қолмен немесе оң қолмен (сол қолмен оң қолдың шынтағынан демеп тұрып) ұсынады. Ертеде де, қазірде де ер адамның жылқы сауып, қымыз беруі ұят деп саналмаған. Қымыз бен саба қазақ халқының өмірінде үлкен рөл атқарған. Тойда, ас бергенде қадірлеудің, құрметтеудің белгісі ретінде сабамен қымыз апарған. «Бұрын кімнің сабасы үлкен болса, оның мерейі де, ел алдында беделі де жоғары болып, «бай», «мырза» деген атақ алған. Осылайша салтанатпен қымыз апару кісілік, сыйластық белгісі ретінде қабылданатын болған. Қазақтың өмірін жақсы білетін адам сабаны жерге қоймайтындығын да біледі. Сабааяқ немесе саба орындық үстіне қойылады.
Қазақтарда қымызбен сыйлаудың өзіндік белгіленген тәртібі де бар. Қымыз пісілген (қымыз піскен) ыдыстан қымызды құйып беру әдепсіздікке жатады Қымыз тарату қайырымдылық, гомеопатиялық магия – ырымға қатыстылығы тәжірибеде атап өтіледі. Сірге жияр (сірге мөлдіретер) соңғы күзгі қымыз (бие ағытарда бірнеше күн бойы жиналған қымыз) салты бойынша бие ағытар алдында қымыз құйылған соңғы тостаған жасы келген әйел адамға немесе кәмелетке толмаған қыз балаға беріледі (ырым бойынша келесі жылы биелер көп құлындасын, ұрғашы құлындар көп туылсын деген мақсатпен. Жалпы сірге жияр қымызы елмен бірге бөліп ішіледі. Бұрындары күзде бие ағытыларда ауыл адамдарын жинап, ең соңғы қымызды беруді, яғни сірге мөлдіретерді бір үй қана өткізбей, кезек-кезегімен бүкіл ауыл болып өткізіп, үлкен тойға айналған. «Бұл ғұрыптың мәнісі келесі бие байлап қымыз ашытуға дейін бас аман, бауыр бүтін болып, осы жұбымызбен тегіс жетейік дегені. Ол күні ет асылып, дастархан жайылады».
Жалпы қазақ халқы отбасы тәрбиесінде балаға жастайынан тамақты ысырап етпеуді, нанды тастамауды, сүттен жасалған өнімдерді ерекше құрметтеуді бойына сіңірген. Мәселен, нанды басуға болмайды, ақты төгуге болмайды және т.б. осы тектес түсініктер күнделікті өмірден көрініс тапты. Бір сөзбен айтқанда қазақ баласы кие мәселесіне ерекше мән берген еді. Қымыз шипалы сусын қана емес, оның әр түрлі магиялық күші бар деген де түсініктер орын алды. Мәселен, бұрынғылардың айтуынша адамды күнәсінен арылту үшін боз биенің сүтіне шомылдырған. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиясында: «Боз биенің сүтіне шомылдыру. Дәстүрлі ортада қолданылатын емдік шаралардың бірі» екендігі жазылған. Сонымен қатар аталған дереккөзде қымыздың сүйекті балқытатын қасиетін оташылар тиімді пайдаланып, яғни теріс біткен сынық сүйекті жібітіп қайта салу үшін қымызға отырғызып ем жасағандығы да айтылған.
Сонымен, қымызға қатысты жөн-жоралғылар жеткілікті. Тарихи, этнографиялық деректер мен далалық материалдарды талдау. Қазақстанда қымыз бұрынғы замандағыдай мәртебелі сусын ретінде саналады. Алайда, көктемгі цикл салтындағы көтен беру (табыншыларға дәм-сый беру), құлын байлау мерекесі қазіргі кезде қолданыстан шығып қалғандығын да айтуымыз керек.
Зүбайда СҰРАҒАНОВА,
Жошы Ұлысын зерделеу ғылыми институтының бас ғылыми қызметкері
Құралай САРСЕМБИНА,
Ш. Уалиханов атындағы тарих және этнология институтының Астана қалалық филиалының директоры



