Астанада студенттер сенбілікке шықты

Астана қаласындағы Технологиялық колледж студенттері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік ұйымдастырып, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұл игі шараға колледждің жүзден астам студенті белсене қатысып, оқу орнының аумағы мен оқу кабинеттерінде тазалық жұмысын жүргізді.
Сенбілік барысында студенттер колледж ауласын қардан тазалап, айналаны ретке келтірді. Ұжымдық еңбектің нәтижесінде білім ордасының аумағы көркейіп, тазартылды.
Мұндай іс-шаралар жастарды ұйымшылдыққа, жауапкершілікке және еңбекқорлыққа баулиды.
Аталған сенбілік тек тазалық жұмысымен шектелмей, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болды.
Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау – барша қоғамның ортақ міндеті. Осы тұрғыда жастардың табиғатқа жанашырлықпен қарауы, тазалықты сақтауға деген көзқарасының қалыптасуы ерекше маңызға ие.
Тазалық – бір күндік науқан емес, ол күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен бұл шара әрбір қатысушыға қоршаған ортаның тазалығы өз қолымызда екенін тағы бір мәрте түсіндірді.
Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамда экологиялық жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge



