Кемелділік

Жуырда ғана Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін бір топ қыз-келіншек мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бұл қатарда «Парасат» орденін иеленген белгілі ақын, жазушы, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісова үшін шын қуандық. Жұрт та «Парасатты» нағыз парасатты жан алған екен десті. Бұл жоғары марапат журналистика мен әдебиетте, аударма ісінде өз қолтаңбасын қалыптастырып, қоғамдық қызметте де белсенді қаламгерге жарасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек… «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін» деп жазды. Осы «Толық адам» ұғымымен мағыналас тілімізде «Кемелділік» деген сөз бар. Камал Әлпейісованың есімі де араб тілінен аударғанда осы мағынаны береді. Әкесі Әбілқасым қойған бұл есім, бойындағы таланты мен еңбекқорлығы оны көптеген жетістікке жеткізіп келе жатыр.
Камал Әбілқасымқызы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін еңбек жолын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінен бастады. Одан «Қазақстан әйелдері» журналына ауысты. Журналистика қазанында жалпы 10 жылдан астам уақыт қайнады. Содан соң мемлекеттік қызметке ауысып, Жоғарғы кеңестің Әйелдер ісі, ана мен баланы қорғау комитетінде жұмыс істеді. «Егемендік туралы» декларацияның, «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» заңның қабылдануының тікелей куәгері болды. Сол уақытта оның өмірі мен әрі қарайғы қызметін айқындап берген елеулі оқиға орын алды.
«1991 жылы Жоғарғы кеңес тарихында тұңғыш рет Наурыз мерекесі ауқымды түрде аталып өтті. Алғашқы іс-шара болғандықтан, сол мерекеде Наурыз, оның мән-маңызы туралы екі тілде ақпарат беріп, концертті жүргізу маған жүктеліп еді. Сол концертте редакция-баспа бөлімінің меңгерушісі болып қызмет ететін Зейнолла Серікқалиұлы залда отырыпты. Ертеңіне мені кабинетіне шақыртты. «Кеше байқадым, екі тілде таза, сауатты сөйлейді екенсің. Орысша сөйлеп тұрып, қазақшаға еркін өте бересің… Просто… феномен… Қайда оқыдың?» деп сұрады. Екі тілге де жүйрік Ғалымжан Мұқанов деген азаматты сүйсіне айтып, «содан кейін сені көріп отырмын, сенен мықты синхронист шығады» деп мақтап қойды. Бұл сөзді алғаш естуім, түсінбедім. «Синхронист» деген кім?» деп сұрадым. Ағай жанарынан шуақ төге жымиып: «Ол – бір тілде сөйлеп тұрған адамның сөзін бірден екінші тілге аударушы маман» деді. Сосын әр сөзін салмақтап: «Сенің қабілетің жетіп тұр. Сондай маман болам десең, біздің бөлімге ауыс» деді. Мен келісімімді бергенде, Зейнолла аға қатты қуанып: «Енді қазақ тілінде айтылған сөз орысшаға кедір-бұдырсыз аударылатын болды. Тіліміздің сұлулығы мен байлығын саф күйінде жеткізу үшін тағы бір қадам жасадық» деп толқи сөйледі» деп еске алады қазір қаламгер. Белгілі әдебиет сыншысы осылайша білікті маманды сол уақытта елімізде әлі жолға қойылмаған ілеспе аударма ісіне тартты.
Иә, Камал Әлпейісова – елімізде ілеспе аударма өнерін кәсіби деңгейде меңгерген алғашқы аудармашылардың бірі ғана емес, бірегейі. Осы саланың аяққа тұруына үлкен үлес қосып, шәкірттерді де тәрбиеледі. 2003 жылы тұңғыш рет республикалық «Үздік аудармашы» байқауы ұйымдастырылды. Соның алғашқы жеңімпазы – Камал Әбілқасымқызы. Ол осы байқауға қатысқан 40 үміткердің арасында топ жарды. Ал сол кезде атқарған қызметі – Парламент Сенаты аппаратының аударма және лингвистикалық сараптама секторының меңгерушісі.
Кейіпкеріміздің әдеби аударма өнеріне қосқан үлесі де аз емес. Ол Махамбет Өтемісұлы, Әбділда Тәжібаев, Фариза Оңғарсынова, Ұлықбек Есдәулет, Табылды Досымов, т. б. ақындардың өлеңдерін, заңғар жазушының перзенті Мұғамила Әуезованың «Әкем туралы» кітабын орыс тіліне аударды. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шыққан Демокрит, Аристотель, Платон, Сократ, Бенедикт Спиноза, Джон Локк, Паскаль Блез секілді ойшылдардың жекелеген еңбектерін қазақшалады.
Камал Әлпейісованың «Жапырақтары жанымның», «Жүрегімдегі жаз» және «Жүрегімде жасырған жырларым» атты үш жыр жинағы шықты. «Камалдың өлеңдерінде ерекше аналық мейірім тұнып тұр. Барлық адамға негізі керегі мейірім екенін, сондай-ақ, барлық адамға жетпейтіні де мейірім екенін ұқтырады. Ақын қыз оқырмандарын өмірдің мәні мен мағынасы адамға деген мейірімде, сүйіспеншілікте екенін түсіндіреді. Бір адамды құрметтесең, ол да сені құрметтейді. Жүректегі жылылықты жоғалтпа! Ол – сенің ізгілігің, парасаттылығың, неғұрлым шуақты болсаң, соғұрлым қуатты боласың деп ұқтырады» дейді оның өлеңдері туралы басылымымыздың ардагері, белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Өріс Яшүкірқызы.
Камал Әлпейісованың прозасына келсек, оның әңгімелерінен бір жылылық еседі, оқыған адамдарды ойландырады. Эсселері де солай. Айтқандай, ана жылдары кейіпкеріміз газетіміздің авторы да болған еді. Сол кезде өтінішімізбен елорданың қазақылануына өлшеусіз үлес қосқан Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілов туралы мақаланы да жазып берген. Сол уақытта Қонысбай Іскендірұлының туғанына 70 жыл толып жатқан. Енді, міне, Камал Әбілқасымқызының өзі осы мерейлі жастың белесіне шығып отыр.
…Жақында бір кездескенімізде «Мерейтойымды туған Торғайымнан бастаймын» деген еді. Оның жалғасы елордада болады деп ойлаймыз. Негізі, кейіпкеріміздің шығармашылық кеші өтсе де артық етпейді. Оның өлеңдеріне жазылған әндер де бар. Бұл әндердің авторлары – Мақсат Жәутіков, Қалибек Деріпсалдин, Шолпан Қорғанбек, Серікжан Әбдінұров секілді белгілі композиторлар. Ендеше, тойыңыз тойға ұлассын, Камал апай дейміз.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



