Бүгін Астанада «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Mabetex Group компаниясының құрылысшыларымен кездесті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жалпыұлттық коалиция мүшелері қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, қалалық мәслихат депутаты Владислав Сергеев, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Назгүл Мақжан, заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдрасулов бар.
«Елімізде кеңінен талқыланып жатқан Конституция – сіз бен біздің қоғамға деген жанашырлығымыз, ұлтжандылығымыз. Болашақта балаларым қауіпсіз елде өмір сүріп, қызмет етіп, елінің патриоты болғанын қалаймын. Бұл әрбір қазақстандық үшін тарихи сәт», — деді Назгүл Мақжан.
Mabetex Group – Қазақстан нарығында 1996 жылдан бері жұмыс істеп келеді және еліміздің құрылыс саласында қызмет атқаратын ірі шетелдік компаниялардың бірі. Қалалық және мемлекеттік маңызы бар ондаған жобаны жүзеге асырып, бірқатар маңызды нысанның құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстарын атқарды. Компанияда 14 мыңға жуық қызметкер еңбек етеді.

Кездесу барысында олар жаңа Конституцияның құрылыс саласына тигізетін пайдасы туралы сұрақ қойды.
Бұл сауалға жауап берген Табиғат Зейнұлқабден жаңа жобада еңбек адамдарының қауіпсіздігін арттыру, тұрмысын жақсарту жазылғанын айтты.
«Бүгін спикерлер жаңа Конституция жобасын таныстырды. Мен жаңа жобаны қолдаймын. Жаңа Ата заң біздің өмірімізді жақсартады. Көптеген салаға өзгерістер алып келеді. Сондай-ақ ол сыртқы саясатқа да әсерін тигізеді деп ойлаймын», — деді компанияда 3 жылдан бері жұмыс істейтін инженер Дінмұхаммед Алтынбекұлы.



