Ел тынысыСаясат

«Жастар және конституциялық реформалар: ел болашағы туралы диалог»

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетімен бірлесіп «Жастар және конституциялық реформалар: ел болашағы туралы диалог» тақырыбында Jastar X диалог алаңы аясында студент жастармен сараптамалық кездесу өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бұл ашық диалог жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, конституциялық реформаларды түсіндіруге, сарапшылар мен студенттер арасындағы сенімді коммуникация орнатуға және азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталды.

Кездесу барысында спикерлер Конституциялық реформалардың мәні мен қоғамдағы рөлін жан-жақты талқылады.

«Әділетті қоғамның негізі» тақырыбында сөз қозғаған Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов Конституция жобасының басты ерекшелігі – адамға бағытталуы екенін атап өтті.

Оның айтуынша, жаңа нормалар әділетті қоғам қалыптастыруға негіз болады. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында адам және азаматтардың құқықтары қорғалып, табиғатты аялау мен қоршаған ортаны қорғау конституциялық деңгейде бекітіледі. Егемендік, тәуелсіздік және аумақтық тұтастық өзгертілмейтін құндылықтар ретінде айқындалған. Мемлекеттік биліктің қайнар көзі – Қазақстанның біртұтас халқы.        Сонымен қатар білім, ғылым, мәдениет және инновация Конституция жобасының басты идеяларының бірі ретінде белгіленген.

«Ата Заң – жаңа қоғамдық келісім» тақырыбында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Мемлекет тарихы институты» РММ директоры, PhD докторы, қауымдастырылған профессор Нұрбек Пұсырманов Конституцияны қоғамды біріктіретін маңызды құжат ретінде сипаттады. Оның пікірінше, Конституция – елдің болашақ даму бағдарының стратегиялық негізі.

Қоғам белсендісі, қоғам белсендісі, Республикалық Медиация кеңесінің төрағасы, Ұлттық Құрылтайдың, ҚХА кеңесінің және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қоғамдық кеңесінің мүшесі Шерзод Пулатов «Халық бірлігі – реформалардың сәтті жүзеге асуының басты кепілі» тақырыбында қоғамдық келісім мен бірліктің маңызын ерекше атап өтті.

«Жаңа Конституция жобасындағы цифрлық адам құқықтары» тақырыбында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының Талдау және коммуникация басқармасының басшысы Алёна Дмитриева қазіргі цифрлық кеңістіктегі жеке деректерді қорғау, цифрлық қауіпсіздік және онлайн құқықтар мәселелеріне тоқталды.

Диалог алаңының модераторы, орталық директоры Гүлісхан Нахбаева ғылыми-зерттеу жобалары мен цифрлық ресурстарды таныстырып, Jastar AI виртуалды кеңесшісі жобасын ұсынды.

Кездесу сараптамалық панельдік форматта және ашық микрофон алаңында жалғасты. Студенттер өз сұрақтарын қойып, сарапшылардан жан-жақты жауап алды. Сарапшылар конституциялық реформалардың ел дамуына ықпалы мен жастардың белсенді азаматтық ұстанымының маңызын ерекше атап өтті. Осындай диалог алаңдары жастардың ел болашағына қатысты пікірін ашық білдіруге мүмкіндік беріп, Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып отыр.

Айта кетейік, іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшелері, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ профессор-оқытушылары, ведомстволық комитеттер мен ғылыми институт өкілдері, сарапшылар, қоғам белсенділері, БАҚ және студент жастар қатысты.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button