Ел тынысыСаясат

Жаңа заң жобасы — жарқын болашағымыз

Астана қаласындағы жылу электр орталығында «Жаңа әрі прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің мекеме қызметкерлерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесу барысында спикерлер конституциялық өзгерістерді түсіндіріп, ел дамуының жаңа кезеңіндегі басым бағыттарды талқылады. Сондай-ақ, қызметкерлермен ашық пікір алмасты. Кездесуді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының «Байқоңыр» аудандық филиалының атқарушы хатшысы Дамир Абдуллаев ашып, жиынның күн тәртібімен таныстырды.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларға тоқталып, олардың негізгі мақсаты – әділетті әрі тиімді мемлекет қалыптастыру екенін атап өтті. Ал, Кездесуде ерекше мазмұнды баяндама жасаған Астана қалалық мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден конституциялық өзгерістердің тарихи маңызына кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде қолданыстағы Конституция тәуелсіздік жылдарында елдің қалыптасуы мен дамуына қызмет етіп, өз міндетін толық атқарғанын атап өтті. Алайда уақыт талабы мен жаһандық өзгерістер жаңа көзқарас пен жаңашыл шешімдерді қажет ететінін жеткізді.

– Қазіргі цифрлық дәуірдің басталуы, технологиялық серпіліс, қоғамдық қатынастардың жаңа форматқа көшуі заңнамалық негізді жаңғыртуды талап етеді. Осы факторлар жаңа құқықтық нормаларды қабылдауға, басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтардың құқықтарын қорғаудың заманауи тетіктерін енгізуге түрткі болып отыр. Бұл – елдің одан әрі тұрақты әрі сапалы дамуына бағытталған заңды қадам,–деді Табиғат Зейнұлқабден.

Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы «Байқоңыр» аудандық филиалының төрағасы, Астана қалалық мәслихатының депутаты Қанат Естек пен қалалық мәслихат депутаты Нұрлан Өтешов де аталған заң жобасының ел игілігі үшін екеніне айырықша тоқталып, Конституциялық өзгерістердің әлеуметтік-экономикалық салаға ықпалы туралы айтып өтті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button