ҚР Екатеринбургтегі Бас консулы Жарас Мамутбеков Урал федералды университетінде Қазақстанның студенттермен кездесті. Қатысушылар Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының дамуын, Қазақстандағы заманауи реформалардың негізгі бағыттарын, сондай-ақ екі елдің білім беру ынтымақтастығының перспективаларын және осы білім ошағындағы қазақстандық жерлестіктің жұмыс жоспарларын талқылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жарас Мамутбеков өз сөзінде 2025 жылғы қарашада ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың Мәскеуге мемлекеттік сапары барысында Қазақстан мен Ресей қарым-қатынастарының жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көшуі туралы Декларацияға қол қою басты мәселе болғанын атап өтті.
Бас Консул Қазақстандағы заманауи реформалар туралы айтып берді. Қазақстан негізгі элементі алдағы конституциялық реформа болып табылатын жаңа саяси жаңғыру кезеңіне қадам басқанына назар аударды. Конституция жобасындағы негізгі өзгерістердің қатарында жаңа бір палаталы парламент – Құрылтайдың құрылуы, Жалпыұлттық диалогының жаңа тұғырнамасы Қазақстанның Халық Кеңесінің құрылуы туралы атап өтті. Сондай-ақ Вице-Президент институтын құру мәселесі және жаңа Конституцияның жобасы бойынша 2026 жылғы 15 наурызда Референдум өтетіні жеткізілді.

Дипломат жаңа формациядағы кадрларды жүйелі даярлау мақсатында Қазақстан техникалық және кәсіптік білім беруді ауқымды трансформациялауға кіріскенін атап өтіп: инновациялық басқару, цифрландыру, интернационалдандыру қағидаттарына негізделген 2025-2027 жылдарға арналған жоспар қабылданғанын сөз етті.
Бұл тұрғыда ол ресейлік университеттер, соның ішінде УрФУ көптеген көрсеткіштер бойынша әлемдік ғылыми-білім беру прогресінің алдыңғы қатарында екенін айтты. «Ресейдің жоғары оқу орындары көптеген қазақстандық университеттердің негізгі серіктестері болып табылады және бұл оң үрдісті қолдайтын боламыз. Бүгінде Қазақстан мен Ресей арасында қос диплом бағдарламалары мен бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын қоса алғанда, 1453 жоғарғы оқу орындары аралық келісім-шарттар қолданыста бар. Қазақстанда Ресей жоғары оқу орындарының тоғыз филиалы табысты жұмыс істеуде, онда 4000-ға жуық студенттер оқиды», — деп атап өтті дипломат.
Халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Сергей Тушин УрФУ мен Қазақстан Республикасы жоғарғы оқу орындарының өзара қарым-қатынастары туралы баяндап берді. Қазақстандық жерлестіктің жетекшісі Данияр Алматов өз ұйымының жұмысы туралы айтып берді. Университетте 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл ұйым ҚР студенттеріне бейімделуге көмектесіп, оқу және көші-қон мәселелері бойынша кеңес береді, сондай-ақ бірінші курс студенттерімен кездесіп, мәдени іс-шараларды өткізеді. Ірі жобалардың қатарына жыл сайынғы халықтар достығы фестивалі, түлектермен кездесулер және дарынды студенттерді қолдау кіреді.
Кездесу соңында қатысушылар 2026 жылға арналған жоспарларды, соның ішінде көші-қон заңнамасының өзгерістерін ескере отырып, студенттерге арналған жадынаманы жаңартуды және коммуникация арналарын кеңейтуді талқылады. Консулдықтың өкілдері УрФУ-да оқитын қазақстандық студенттердің одан әрі диалогқа және қолдауға дайын екендіктерін атап өтті.
УрФУ-да Қазақстаннан 1312 студент оқиды. Бұл білім ошағы Қазақстанның 36 университетімен ынтымақтастық орнатқан.



