
Бүгін М. Жұмабаев атындағы №65 мектеп-гимназиясында Астана қаласының мектеп басшыларына арналған маңызды кездесу ұйымдастырылды. Жиынның басты мақсаты Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын түсіндіру және оның негізгі бағыттары мен өзгерістері жөнінде жан-жақты ақпарат беру болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесуге Астана қаласы мәслихатының VIII сайлауының депутаты Бауыржан Қасымбергебаев арнайы қатысып, Конституция жобасында қарастырылған басымдықтарға, енгізілетін өзгерістердің мәні мен қоғам үшін маңызына кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде аталған құжаттың ел дамуы мен құқықтық жүйенің жетілуіндегі рөлін ерекше атап өтті.
Жиын барысында мектеп басшылары мен спикер арасында ашық әрі мазмұнды диалог өрбіді. Қатысушылар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, нақты әрі егжей-тегжейлі жауаптар алды. Өзекті мәселелер талқыланып, білім беру саласына қатысты ой-пікірлер ортаға салынды.
Осындай құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесулер – қоғам үшін аса маңызды. Себебі білім саласының өкілдері арқылы ел ішіндегі түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.



