
Астананың Нұра ауданы әкімдігінде жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістерге арналған ашық қоғамдық талқылау өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz.
Оған аудан әкімі Ришат Тұрдыбеков, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Конституциялық комиссия мүшесі Зұлфухар Ғайыпов және аудандық басқармалар мен бөлім басшылары, партия хатшылары мен қоғам белсенділері сондай-ақ білім беру мекемелерінің директорлары қатысты.
«Бүгінгі біздің кездесуіміздің тақырыбы – азаматтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың ұсыныстарын жан-жақты талдау. Өздеріңіз білетіндей, жыл сайынғы Жолдау аясында 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті бір палаталы Парламентке көшу көзделген конституциялық реформаны өткізуді ұсынды. Бұл бастама саяси жүйені кешенді түрде қайта жаңғыртуға және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасауға бағытталған», – деді Ришат Тұрдыбеков.
Ата заңның жаңа жобасында преамбула, 11 бөлім, 95 бапты бекіту ұсынылады.
«Жобада 11 бөлім 95 бап бар. Кейбір бөлімдер бірінші рет қосылып отыр. Бұл – бірінші ерекшелігі. Екіншісі, бұл нұсқаның преамбуласы кіріспесі жаңадан жазылып шықты. Кіріспе «Біз, біртұтас Қазақстан халқы байырғы қазақ жерінде мемлекетті нығайта отырып, Ұлы даланың мыңжылдық тарихын сабақтастығын сақтап…» деп басталады. Жаңа Конституцияда арнайы 30-бап енгізілді. Мұнда «Неке ер мен әйелдің мемлекеттік заңға сәйкес тіркелген ерікті одағы» деп жазылған. Парламент бір палаталы болады. Оның атауы – Құрылтай. Сондай-ақ жаңа саяси институт пайда болды. Ол – Халық кеңесі. Астанада бірде-бір құжат Қоғамдық кеңесті айналып өтпейді. Бірақ біздің айтқанымыз ұсыныс күйінде қалады. Ал Халық кеңесі заң шығаруға ие болып отыр», – деді Зұлфухар Ғайыпов.



