Елдің болашақ институционалдық моделінің іргетасы — кәсіпкер

Астана Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшесі, кәсіпкерлік қауымдастығының өкілі Гүлнар Балахметова Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Жаңа Конституция жобасын елдің болашақ институционалдық моделінің іргетасы ретінде қарастырамын. Негізгі заңға қандай қағидаттар енгізілетіні инвестициялық ахуалға, іскерлік белсенділікке және қоғамдағы сенім деңгейіне тікелей әсер етеді»,-дейді спикер.
Құжаттың өзегінде адам және оның құқықтары тұрғаны айрықша мәнге ие.
«Бұл – әділеттілікке, құқықтық қорғалуға және мемлекеттің жауапкершілігіне басымдық берілгенінің маңызды белгісі. Кәсіпкерлік орта үшін мұндай бағдарлар ережелердің тұрақтылығын және экономикалық ортаның болжамдылығын білдіреді.
Сондай-ақ білім беру, ғылым және технологиялық әлеуетті дамыту бағытының конституциялық деңгейде бекітілуін маңызды деп санаймын. Ертеңгі экономиканың негізі – білім, құзыреттер мен инновациялар, және бұл мемлекеттің базалық қағидаттарында көрініс табуға тиіс.
Цифрлық даму бағыты да ерекше назар аударуға лайық. Цифрлық трансформацияның азаматтардың құқықтары мен процестердің ашықтығы тұрғысынан қарастырылуы маңызды: технологиялар өмір сапасын арттырып, сенімді нығайтуы керек, ал жаңа кедергілер тудырмауға тиіс.
Жалпы алғанда, Конституцияны жаңарту мемлекеттік институттарды нығайтуға және мемлекет, бизнес пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың неғұрлым кемел моделін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам ретінде қабылданады»,- дейді ол.



