Тұрақты даму мен ішкі тұтастықтың кепілі

Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа редакциясы жобасы – елдің бүгінгі дамуына және болашақтағы бағытына сай әзірленген маңызды құжат. Спортшы ретінде мен бұл бастаманы толық қолдаймын, өйткені ол қоғамның қазіргі қажеттіліктерін ескеріп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған.
Жаңа редакцияда мәдениет, білім және ғылым салаларына айрықша мән берілуі – мемлекеттің адам капиталына басымдық беретінін көрсетеді. Бұл бағыттар кез келген елдің тұрақты дамуының негізі болып саналады. Білімді, мәдениеті жоғары, құқықтық сауаты бар қоғам ғана бәсекеге қабілетті мемлекет құра алады.
Сонымен қатар Конституцияда азаматтардың құқықтары мен заң алдындағы теңдігіне ерекше көңіл бөлінген. Бұл әрбір қазақстандықтың өз мүмкіндігін толық іске асыруына жол ашып, қоғамдағы әділдік пен сенімді арттырады. Спорт саласында жүрген азамат ретінде мен үшін тең мүмкіндік пен әділдік қағидаттары аса маңызды.
Жаңа Конституция жобасында мәдени әртүрліліктің бағалануы да ерекше атап өтуге тұрарлық. Қазақстан – көпұлтты, көпмәдениетті мемлекет. Әрбір ұлттың тіліне, дәстүріне және мәдениетіне құрметпен қарау халық бірлігін нығайтып, қоғамдық келісімді сақтауға қызмет етеді. Бұл – еліміздің тұрақты дамуы мен ішкі тұтастығының басты кепілі.
Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа редакциясы жобасы елдің болашағына бағытталған, заман талабына сай әрі қоғам мүддесін көздейтін құжат деп санаймын. Оны қолдау – ортақ жауапкершілік пен саналы таңдаудың көрінісі.
Айсұлу Сүлейменова,
Пара жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері



