Еліміздің анағұрлым кемелденген мемлекеттік модельге өтуін айқын көрсетеді

Жаңа Конституция жобасы Қазақстанның әділеттілік, заң үстемдігі және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік қағидаттарына негізделген, неғұрлым кемелденген мемлекеттік модельге өтуін айқын көрсетеді.
Жаңартылған Негізгі заң «Әділетті Қазақстан» құндылықтарын бекітіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтеді, сондай-ақ адам капиталының, білім мен ғылымның, инновациялардың елдің ұзақ мерзімді дамуының негізгі тірегі екенін айқындайды.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының зерттеулері бұл өзгерістердің қоғамдағы нақты сұраныстарға сай келетінін дәлелдейді. Қазіргі жастар немқұрайдылық емес, азаматтық қатысуға саналы әрі талғампаз көзқарас танытып отыр: олар түсінікті ережелер, ашық институттар және процестерге нақты ықпал ету мүмкіндігі бар ортада белсенді. Сонымен қатар әділ «ойын ережелеріне», мемлекеттік институттарға деген сенімге және ел болашағындағы өз рөлін айқын түсінуге деген сұраныс сақталуда.
Жаңа Конституция дәл осындай — түсінікті, құндылықтарға негізделген және адамға бағдарланған жүйелік негіз қалыптастырады. Жастар үшін бұл жай ғана құқықтық құжат емес, қатысу, жауапкершілік және мемлекет пен қоғамның бірлескен дамуына бағыт-бағдар беретін қоғамдық келісім.
Гүлісхан Нахбаева,
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,
саясаттанушы, докторант



