
Бүгін жаңартылған Конституция жобасының халықтық талқылауға ұсынылуы — Қазақстан тарихындағы ірі құқықтық-саяси оқиға. Бұл құжат тек нормативтік нормалар жиынтығы ретінде ғана емес, мемлекеттің алдағы онжылдықтағы даму парадигмасын айқындайтын стратегиялық акт ретінде қарастырылуы тиіс.
Оның философиялық және құқықтық өзегі «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі – Қазақстан халқы» деген тұжырымдамада шоғырланған. Бұл принцип бойынша, мемлекеттегі барлық шешімдердің легитимділігі мен билік институттарының жұмысы тікелей халық еркіне негізделуі керек.
Қазіргі динамикалық және тез өзгеріп отыратын халықаралық құқықтық кеңістікте мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін оның ішкі тұтастығын, сондай-ақ басқарудың тиімді формаларын негіздеу ерекше маңызға ие. Сондықтан да жобаның преамбуласы мемлекеттің унитарлық сипатын, оның шекараларының бұзылмастығын және аумақтық тұтастығын растау сөздерімен басталады. Бұл тек символикалық құрмет емес, бүкіл кейінгі конституциялық құрылымның саяси-құқықтық негізі ретінде қызмет етеді. Осылайша, халық егемендігі принципі мемлекеттік тұтастық контекстінде ғана толық ашылады: бірыңғай халық ретінде Қазақстан азаматтары өз егемендік еркін дәл осы бірыңғай және бөлінбес мемлекеттің шеңберінде жүзеге асырады.
Лаура Сансызбаева,
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының
басқарма сарапшысы, саясаттанушы



