Ел тынысыСаясат

Жоба жарияланған сәттен бастап қоғамдық талқылау жандана түсті — стратегиялық зерттеу нәтижесі

Конституциялық комиссияның өткен отырысында комиссия жаңа Конституция жобасын жариялауды ұсынды. Сол сәттен бастап қоғамдық талқылау айтарлықтай жандана түсті. Азаматтардың ұсыныстары мен өтініштері eOtinish платформасына келіп түсті. Қазіргі таңда олардың жалпы саны 4 мыңнан асты. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Конституциялық комиссияның кезекті отырысында  ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Оның айтуынша, ұсыныстар тек азаматтардан ғана емес, сарапшылардан да келіп жатыр. Сонымен қатар Адвокаттар қауымдастығынан да келіп жатқан ұсыныстар аз емес. Азаматтардың көтеріп отырған мәселелері мен бастамаларын үш негізгі бағытқа бөліп қарастыруға болады.

-Жалпы қазақстандықтар жүргізіліп жатқан реформаны конструктивті әрі оң тұрғыда қабылдап отырғанын көрсетеді. Біріншісі – Конституцияның қоғамдық санадағы рөлін қайта пайымдау. Жаңа Конституция жобасын талқылау барысында Ата заңға деген қоғамдық көзқарастың өзгеріп келе жатқаны байқалады. Азаматтардың едәуір бөлігі Конституцияны тек мемлекеттік билік органдарының өкілеттігін айқындайтын құқықтық құжат ретінде ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің дамуына бағыт-бағдар беретін құндылықтар мен қағидаттарды бекітетін тұғырлы мәтін ретінде қабылдай бастады. Азаматтардың ұсыныстарында конституциялық нормалар нақты қолданбалы сипатқа ие болып, күнделікті өмірге, әлеуметтік әділеттілікке және мемлекеттік шешімдердің сапасына тікелей ықпал етуі тиіс деген үміт айқын көрініс тапқан, — деді спикер.

Оның айтуынша, ұсыныстардың екінші топтамасында заң үстемдігі мен әділеттілік принциптерін нығайту маңыздылығы айқындалған. Сонымен бірге баршаның заң алдындағы теңдігі және институттарға деген сенім негізінде «Заң мен тәртіп» қағидатының бірізді жүзеге асуына ерекше мән беріледі.

-Азаматтардың едәуір бөлігі үшін Ата заңда адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы қалай бекітіледі? Азаматтардың заң алдында қорғаудың түсінікті әрі біркелкі ережелерін қалай қалыптастыратыны маңызды болып отыр. Осы тұрғыда конституция жеке адамның еркіндігі мен ұлттық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін құрал ретінде қарастырылады. Мүдделер теңгерімі мәселесі халықты тек адам құқықтары мен бостандықтары аясында ғана емес сондай-ақ халықаралық міндеттемелер, ұлттық мүдде заңнама тұрғысынан да ойландырады. Нәтижесінде қайсысына басымдық берілуі тиіс деген сауал туындайды. Бірін екіншісіне тәуелді етіп қоймаймыз ба деген күдік те бар. Қоғам қазіргі ұсынылып отырған өкілеттіктердің бөлінісі аясында билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікке қатысты сұрақтарды көтеруде. Қоғам өз билігін саяси билікке табыстағандықтан Президент, Құрылтай, Қазақстан Халық кеңесі арасындағы өкілеттіктердің бөлінісі қандай болмақ деген сұрақтар да кездеседі. Сондай-ақ бірқатар азаматтар мемлекеттік тіл мәртебесіне қатысты мәселеге назар аударуда. Бірақ бұл жерде жаңа Конституция жобасында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде айқын көрініс тапқанын айта кету керек, — дейді ол.

Келіп түскен ұсыныстардың үшінші топтамасы мемлекеттің және білім беру жүйесінің зайырлы сипатын конституциялық деңгейде бекіту, бұл бағытқа да қоғам үлкен қызығушылық танытып отыр.

-Қоғамда ұзақ жылдар бойы дінді мемлекеттен институционалдық тұрғыда ажырату қажеттігіне қатысты сұраныс қалыптасты. Осындай қоғамдық сұранысқа жауап ретінде конституция дінді мемлекеттен бөлу қағидатын айқындай отырып, конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау мақсатында діни ұйымдардың қызметіне белгілі бір шектеулер қоюды көздейді. Конституция жобасында зайырлылық, адами капиталға, ғылым мен инновацияға басымдық беретін білім берудің заманауи жүйесін дамытудың қажетті шарты ретінде белгіленеді. Бұл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ұзақмерзімді сын-қатерлеріне төтеп беру үшін керек қадам, — деп түйіндеді сөзін Ж. Шаймарданов.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button