Өтінім қабылдау басталды

Астана қаласының Есіл ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындардан өтінім қабылдау басталды. 2026 жылдың 23 қаңтары мен 1 наурызы аралығында елорда тұрғындары аула, қоғамдық кеңістік, балалар және спорт алаңдары, ауладағы жаяу жүргіншілер жолдары сияқты бағыттар бойынша абаттандыруға қатысты өз бастамаларын ұсына алады.
Әр жоба нақты ұсыныс пен қажетті қаржы есебін қамтуы тиіс. Өтінімдер аудан әкімдігінің ресми сайтындағы «Халық қатысатын бюджет-2026» бөлімінде қабылданады. Өтінім қабылдау аяқталғаннан кейін 5 сәуірге дейін жобалар техникалық сараптамадан өтіп, келесі кезеңге жолдама алады. 6-24 сәуір аралығында тұрғындар жобаларға дауыс береді, 24-29 сәуір күндері дауыс беру қорытындысы шығады, ал 4 мамырға дейін сараптамалық кеңес қолдау тапқан бастамалардың іске асу кезегін айқындайды.
Дауыс беру кезеңіне дейін сараптамалық кеңес жобалық ұсыныстарды 4 санатқа бөледі: пәтерлер саны 50-ге дейінгі көппәтерлі тұрғын үйлердің аула аумақтарын абаттандыру және жөндеу; пәтерлер саны 100-ге дейінгі көппәтерлі тұрғын үйлердің аула аумақтарын абаттандыру және жөндеу; пәтерлер саны 200-ге дейінгі көппәтерлі тұрғын үйлердің аула аумақтарын абаттандыру және жөндеу; пәтерлер саны 200-ге дейінгі және одан да көп көппәтерлі тұрғын үйлердің аула аумақтарын абаттандыру және жөндеу. Шешім көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтерлердің жалпы санының пайыздық қатынасындағы дауыстар санына қарай қабылданады. Тұрғындардың қолдауына ие болған жобаларды жүзеге асыру 4 мамыр мен 15 қыркүйек аралығына жоспарланған.



