Аралап жердің жүзін жүрер сөзі

Елордада Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының шығармашылық мұрасына арналған «Аралап жердің жүзін жүрер сөзім» атты рухани-танымдық кездесу кеші өтті.
Ғылыми-мәдени бағытта ұйымдастырылған бұл іс-шара жыраулық әдеби мұраны жаңғыртуға және қазақ жазба поэзиясының көрнекті өкілдерінің мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды бастама болды. Кездесу барысында Тұрмағамбет жыраудың шығармашылық жолы, әдеби мұрасының ерекшелігі мен қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі жан-жақты сөз етілді.
Тұрмағамбет Ізтілеуұлының жырлары мен дастандары терең философиялық мазмұнымен, адамды ізгілікке, білімге, парасат пен сабырға үндейтін рухани қуатымен құнды екенін кеш бойында орындалған жырларынан ұқтық.
Жыраудың поэзиясы жеке тұлғаның ішкі дүниесін кемелдендіріп қана қоймай, қоғамның рухани жаңғыруына қызмет ететін көркемдік-эстетикалық құбылыс ретінде бағаланады. Кеште ақын, тұрмағамбеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Ләйлі Құндақбай ақынның өмірі мен қызметіне қатысты маңызды деректерді жүйелі түрде таныстырды.
Тұрмағамбет Ізтілеуұлы – араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгерген, Бұқарадағы «Мир-Араб» және «Көкілташ» медреселерінде білім алған, шығыс әдеби дәстүрін терең игерген ақын-ағартушы. Оның нәзиралық дәстүрдегі дастандары, жазбаша айтысты дамытудағы еңбегі және Сыр бойындағы жазба айтыс мектебінің қалыптасуына қосқан үлесі қазақ әдебиетінің жанрлық жүйесін байытты.
Ақынның Фердоусидің «Шаһнамасын» қазақ тіліне еркін аударуы (40 мың жол) – ұлттық аударматану ғылымындағы ірі жетістік. Бұл – шығыстық классикалық мұраны қазақ оқырманына жақындатып, ұлттық мәдени кеңістікті кеңейткен құнды еңбек.
Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармашылығын кешенді зерттеу қазақ жазба поэзиясының эволюциясын нақтылауға, шығыс пен қазақ әдеби дәстүрлерінің сабақтастығын ашуға және ұлттық рухани құндылықтарды білім беру үдерісіне енгізуге мүмкіндік береді. Сондықтан ақын мұрасын ғылыми айналымға кеңінен тарту – бүгінгі гуманитарлық ғылымдар үшін өзекті міндет болып қала береді.
Меруерт Тілебалдиева



