Суретшіден суреткерге айналған қаламгер

Кеше Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқардың 75 жасқа толуына арналған «Әлібек Асқар шығармашылығындағы Алтай бейнесі және адам тағдыры» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Президент кеңесшісі, академик Бауыржан Омаров оқып берді. Құттықтау хатта жазушының ұлттық әдебиеттің дамуына қосқан сүбелі үлесі, мемлекет ісіне араласудағы жауапкершілігі, отандық медиа саласының қалыптасуына, руханият пен кітапхана ісін дамытуға қосқан еңбегі аталып өтті. Сондай-ақ Өр Алтайдың көркем табиғатын арқау еткен туындылары оқырман тарапынан жоғары бағаланғаны айтылды. Сонымен қатар Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау хат жолдады. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек құттықтау хатын жіберіп, қазақы дәстүрмен қаламгерге шапан жабылды.
Алқалы жиынның тізгінін ұстаған филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов сөз басында елдікті ту еткен Әлібек Асқар шығармаларының қазақ әдебиетіндегі орны айрықша екенін атап өтті. Ол жазушының туындыларында ұлт болмысы мен адам тағдыры терең көркемдікпен бейнеленетінін айтып, сафари жанрының орнығуына еселі еңбек сіңірген қаламгер мұрасының бүгінгі және келер ұрпақ үшін тағылымы зор екенін айрықша атап өтті.
Жазушы шығармаларын ғылыми тұрғыда зерделеуге және ұлттық әдебиетті насихаттауға бағытталған конференцияда ақын, жазушы, ғалымдар қаламгер шығармашылығындағы Алтай тақырыбы, адам тағдырының көркемдік шешімі, рухани-эстетикалық ізденістері жөнінде баяндамалар жасады.
«Мұзтау туралы сөз» тақырыбында баяндама жасаған Түркияның Кастамону университетінің профессоры Орхан Сөйлемез Әлібек Асқар шығармаларындағы Мұзтау бейнесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Мұзтау – табиғат нысаны ғана емес, ұлттың рухани болмысының символы. «Мұзтауға қарау – өз түп тамырыңа қарау, Мұзтауды сақтау – өз рухыңды сақтау» деді түрік ғалымы.
Конференция соңында секциялық отырыстар өтіп, қаламгер мен оқырмандардың жүздесуі ұйымдастырылды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



