Жаңа жоба жүзеге асады

Қазақстанда жыл бойы жұмыс істейтін халықаралық деңгейдегі Solana City туристік қала іске қосылады. Бұл туризмді, мәдениетті, концерттер мен халықаралық іс-шараларды біріктіретін Орталық Азиядағы флагмандық туристік орталық болуды мақсат етеді. Жоба толық іске қосылғаннан кейін 700-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Сол арқылы Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға үлес қоспақ.

– Елу мыңдай қонақ жинауды мақсат тұтып отырмыз. Оның ішінде көршілес мемлекеттер – Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және алыс шетелдіктер болады. Бұған қызығушылық білдіріп отырғандар – Үндістан, Қытай елдерінің азаматтары. Былтырғы өткен ауқымды концерттік шаралардың нәтижесі бойынша қарайтын болсақ, отыз пайызға дейінгі қонақтардың арасында шетелдіктердің болуы қуантады, – деді Kazakh Tourism ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы.

Астанадағы концерттік алаң 100 000 көрерменге дейін қабылдай алады. Бұл Solana City-ді өңірдегі ең ірі концерттік және фестивальдік алаңдардың біріне айналады. Бағдарлама аясында фестивальдер, жарық шоулары, отбасылық демалыс, wellness және қалпына келтіру бағыттары, сауықтыру және әлеуметтік бастамалар ұйымдастырылады. Айта кету керек, Solana City тек концерттер өткізетін орын ғана емес, толыққанды туристік қала ретінде жобаланғандықтан, қала аумағында 200 этно-киіз үй, 400 кемпинг, 300 глэмпинг, 200 модульдік тұрғын үй және концерттер мен фестивальдерге арналған бірнеше алаң орналасады.
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ
фото: Василий Крась



