Кітап – ең жақын досымыз

Астанадағы №91 мектеп-гимназияның кітапханасында «Кітап – ең жақсы дос» деген тақырыпта оқырмандар мен автордың жүздесуі өтті. Жүздесуге жазушы, журналист-публицист, Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, «Astana aqshamy» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай құрметті қонақ болып қатысты.
Мектеп кітапханашысы Бақыт Қазбекқызы ұйымдастырып, өткізген жиында автордың өмірбаяны, шығармашылық жетістіктері таныстырылды. Төлен Тілеубай «Түлкілітаудың аспаны» атты көркем шығармалар жинағының негізгі өзегі, айтар ойы жайында әңгімелеп берді. Повестегі ауыл баласының арман-мұраты, әңгімелердегі албырт сезім, адамгершілік, адалдық, мейірім, опасыздық туралы үзінділер оқып, оқырмандармен ой бөлісті.

Кітап оқуды ізгі әдетке айналдырған оқушылар өздерін толғандырған өткір сауалдарын қойды. Олар жеке шығармашылығы туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Жоғары сыныпта оқитын Дайана болашақта жазушы болғысы келетінін айтты. Қазірдің өзінде күнделік толтырып, ойына келген сюжеттерді көркем шығармаға айналдырып жүрген талапты да талантты қазақ қызына автор өз кітабын сыйға тартты. Жүздесуде ойланып сөйлеп, жұртты таң қалдырған кішкентай Кәусар да сыйлыққа кітап алды. 1,5 сағатқа созылған жүздесуде кітапқа деген сүйіспеншілік, кітаппен дос болу, кітап оқуды әдетке айналдыру, кітаптың шығаратын биігі, кітаппен сырласу, кітап таңдай білу, кітапты мадақтау, қалай оқу керек деген тақырыптар талқыланды.
Нұрай Нұрғалиқызы



