Бір тәулікте 23 мың текше метрден астам қар күрелді

Астанада қыс мезгілі басталғаннан бері қаланың коммуналдық қызметтері тоқтаусыз, тәулік бойғы режимде жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Өткен түнде қала аумағынан арнайы полигондарға 1 498 ауыр жүк көлігінің рейсімен шамамен 23 421 текше метр қар шығарылды.
20 қаңтар күні таңғы уақыттан бастап қар күреу жұмысына 3 034 жол жұмысшысы мен 1 544 арнайы техника жұмылдырылды.
Қыс мезгілі басталғалы бері жалпы көлемі 2 млн 906 мың 067 текше метр қар 210 646 рейспен тасымалданды.
Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылуда. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.
Сонымен қатар, аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) міндетінде. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.



