«Іскер аймақ» бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі тәсілдері айтылды

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылды қалыптастыруға бағытталған «Іскер аймақ» шағын және микро бизнесті қолдаудың жаңа бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі тәсілдерін атап өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Қаржы министрлігі әсіресе, мемлекеттік кірістер органдары жұмыс тәсілін түбегейлі өзгертуі керек екенін тағы да атап өткім келеді. Бұзушылықтардың профилактикасы мен алдын ала ескертуге баса назар аудару керек. Фискалдық органдар салық төлеушілер үшін серіктеске айналуы қажет.
Біз бәріміз бірге бизнес үшін салық төлеуден жалтарғаннан гөрі, таза жұмыс істеп, оны төлеу тиімді болатындай жағдай жасаймыз. Бұл бағытта кешенді әрі үйлесімді жұмыс жүргізуі тиіс.
Біз әрі қарай да цифрлық платформаларды дамытып, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетеміз, инклюзивтілікті қолдап, орнықты өсу үшін шағын бизнесті қажетті құралдармен қамтамасыз етеміз», — деп атап өтті Премьер-министр.



