Қоғамдық кеңестің кезекті жиыны өтті

Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда бірнеше нормативтік құқықтық акт жобалары таныстырылды. Атап айтқанда, кеңес мүшелері Астана қаласы бойынша 2026 жылға арналған жер үсті көздеріндегі су ресурстарын пайдалану үшін төлемақы мөлшерлемелері, Астана қаласының мектепке дейінгі ұйымдарында келесі жылға мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын, ата-ана төлемақысының мөлшерін бекіту туралы және басқа да мәселелерді талқылады.
«Астана қаласы бойынша жер үсті көздеріндегі су ресурстарын пайдалану үшін төлемақы ставкаларын бекіту туралы» Астана қаласы мәслихатының 2018 жылғы 12 желтоқсандағы № 340/42-VI шешімінің күші жойылды деп тану» мәселесі бойынша Астана қаласы қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов баяндама жасады.

-Есіл бассейн инспекциясының деректері бойынша, Астанада жылына жалпы көлемі 43 068, 461 мың текше метр болатын суды қолдануға 14 су пайдаланушыға 24 рұқсатнама берілген. Оның ішінде жасыл көшеттерді суғаруға жылына 6465;68 мың текше метр, өндірістік мақсатта 36,6 млн текше метр су қолданылған. Елордада су Есіл өзенінен, Ақбұлақ және Нұра-Есіл арналарынан алынады. Төлем мөлшерлемелері өзен бассейндері және экономика салалары бойынша төлем мөлшерлемелерінің базалық коэффициенті негізінде есептеледі, — деді баяндамашы.
Екінші мәселе — Астана қаласы мәслихатының кейбір шешімдерінің күшін жою туралы болды. Үшінші мәселе — Астана қаласының мектепке дейінгі ұйымдарында 2026 жылға арналған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын, ата-ана төлемақысының мөлшерін бекіту туралы қаулы жобасы жайында қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтің баяндамасына кезек берілді.
-Жоба ҚР Білім туралы заңының 6 бабы 3 тармағы 7.1 тармақшасына сәйкес әзірленді. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының құны ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылғы 27 қарашадағы 597 бұйрығымен бекітілген әдістемеге сүйене отырып есептелді. Есептеу кезінде педагогтар мен басқару персоналының еңбек қорғау, оқу тәрбиесі процесіне жұмсалатын шығыстары, міндетті әлеуметтік аударымдар мен салықтар, ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін педагогтерге берілетін үстемақылар мен қосымша төлемдер, мектепке дейінгі ұйымдардың қауіпсіз әрі сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ететін өзге де шығындар қарастырылған. Бұл тәсіл мектепке дейінгі балалардың нақты шығындарын ескеруге және мектепке дейінгі балалардың сапалы білім мен тәрбие алуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді Қ. Сенғазыев.
Соңғы мәселе – Астана қаласының 2026 жылға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету тарифтерін бекіту туралы қаулы жобасымен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Болат Жұмаділ таныстырды.
Райхан Рахметова



