Қосалқы станция іске қосылды

Бас қалада маңызды энергетика инфрақұрылымы нысандарының бірі – «Арай» қосалқы станциясының құрылысы толық аяқталды. Жаңа нысан ондаған мың әлеуметтік маңызы бар объектіні үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге арналған.
Қалада электр желілерінің тозуын азайту мақсатында жыл сайын тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы станцияларға күрделі жөндеу және жаңғырту жұмысы жүргізіледі. Биыл пайдалануға берілген «Арай» қосалқы станциясы 110/20 кВ кернеулі екі қуатты күштік трансформатормен жабдықталған. Нысанның жалпы қуаты – 80 МВА. Жоба аясында ұзындығы 11,16 шақырымды құрайтын 110 кВ кернеулі кабельдік электр беру желісі тартылды. Нысанның іске қосылу рәсіміне ҚР Энергетика министрлігінің, қалалық энергоқадағалау қызметінің, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің және Нұра ауданы әкімдігінің өкілдері қатысты. Елорданың Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, жобаны іске асыру нәтижесінде жаңа тұрғын алаптарда тұратын шамамен 80 мың тұрғын сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар мектептер, балабақшалар мен медицина мекемелері сынды әлеуметтік нысандардың энергиямен қамтылуы жақсарады.
«Арай» қосалқы станциясы – елорданың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызы бар нысан. Ол белсенді түрде дамып жатқан ауданға жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылымды қосуға негіз болады. Бұл энерготорап – Астананың батыс бөлігінің дамуына серпін беріп, жайлы қалалық ортаны қалыптастыру жолындағы маңызды қадам» дейді Астана қаласы Энергетика басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Исенәлиев.
Айта кетейік, 2026 жылы 110/10 кВ кернеулі «Самал» қосалқы станциясын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ



