«Астана — есірткісіз қала!» акциясы өтті

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында Астана қаласының Полиция департаменті С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде «Астана – есірткісіз қала!» атты профилактикалық акция өткізді. Негізгі мақсат – студенттердің өмірлік ұстанымын дұрыс қалыптастыру, есірткі қолдануға қарсы айқын көзқарас орнықтыру, саналы, қауіпсіз және салауатты таңдау мәдениетін дамыту.

Акцияға студенттермен қатар танымал спортшылар, қоғам қайраткерлері қатысты. Қонақтар қатарында әлем чемпиондары, рекордшылар, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, кәсіпкерлер, ұлттық құрамалардың жаттықтырушылары, психикалық денсаулық саласының мамандары және Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері болды. Атап айтқанда, әйгілі спортшылар – кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас, ауыр атлет, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, кәсіби ММА спортшысы Василий Тахтай, Қазақстанның фуллконтакт каратэ ұйымының вице-президенті Нұрсұлтан Әлиақбаров, кәсіпкер және блогер Әли Ермағамбет, психиатр-дәрігер Русалина Молдахметова келіп, жеке өмірлік тәжірибесін айтты және студенттермен ашық форматта әңгімелесті. Әсіресе, танымал спорт майталмандарының спортты бала кезден серік етіп, талмай еңбектенудің арқасында әлемдік деңгейде талай шыңды бағындырғаны туралы айтқан әңгімесін жастар ұйып тыңдады. Спортшылар жастар алдына шығып, тек насихат айтпай, балалық шағының қалай өткені, өмірде қандай қиындықтарға кезіккені, соның бәрін тек адал еңбекпен, мықты күш-жігермен ғана жеңгенін шынайы баяндады.

Іс-шара барысында студенттерге тақырыптық бейнероликтер көрсетілді, нарколог-дәрігер дәріс өткізді. Жастар кинология қызметі орталығы мен полицияның Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қару-жарағы және кәсіби дағдыларын қамтыған көрсетілімді тамашалады.

— Жыл басынан бері елорда полицейлері мектеп оқушыларын, студенттерді, жас спортшыларды, волонтерлерді, жастар бірлестіктерінің өкілдерін қамти отырып, 600-ден астам профилактикалық кездесу өткізді. «Астана жастары» ұйымымен бірлесіп өткізілген акциялар аясында жастардың қатысуымен 2500-ден астам есірткі жарнамасы салынған граффити боялып, есірткі туралы ақпарат тарататын сайттар бұғатталды. Елорда жастары профилактикалық жұмыстарға белсенді қатысып, өздерінің салауатты әрі қауіпсіз өмір салтын таңдауға дайын екенін көрсетуде, — дейді Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Дамир Байбазаров. Аға жедел уәкіл акция соңында жастарды қатыстыра отырып, есірткі қылмысына қатысты баптар бойынша білімін сынайтын викториналық ойын өткізді. Дұрыс жауап берген студенттер сахнаға шығарылып, түрлі сыйлықтарға ие болды.
Білім беру ұйымдары, кәсіби қауымдастық және медиа тұлғалардың күш біріктіруі арқылы өткен іс-шара жастардың бойында құқықтық сананы нығайтуға және жауапкершілігін арттыруға септік етті.
Райхан Рахметова
Фото: Оңалхан Өнерхан



