Шоқан мұрасы дәріптелді

Астана қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №10 көпшілік кітапханада ұлы ғалым, этнограф және ағартушы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдық мерейтойына орай «Мәңгі өшпес жарық жұлдыз» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға ҚР Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының маманы, археограф,
мәдениеттанушы, этнограф Әділәлі Жабақбайұлы, №43 қосымша білім беру мектеп
орталығының тіл маманы Бейбіжан Мырзашқызы және оқушылар қатысты. Дөңгелек
үстел барысында «Ш.Уәлиханов кім?», «Қай жерде оқыды?», «Шоқан қандай атақты
саяхаттарға шықты?», «Оның ең жақын досы кім?», «Шоқан қай жерде жерленген?» деген
бағытта дайындалған бейнебаянға шолу жасалып, ұлтқа сіңірген еңбегі мен жасампаз
мұрасы талқыланды.
– Шығыстың жарық жұлдызы Шоқан Уәлиханов – қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін терең зерттеп, сол уақытта басқа ұлт өкілдеріне қазақ мәдениетін
танытудың маңызын көрсеткен ғалым. Жас ұрпаққа Шоқан шығармаларының
мәдениетіміз бен тарихымыздағы рөлін жеткізу мақсатында кітапхана қызметкері
Мира Әлметқызы «Өмірі – өнеге, мұрасы – мәңгілік» тақырыбында кітап көрмесін
әзірледі, – деп атап өтті №10 көпшілік кітапхананың аға кітапханашысы Әсел Омаш.



