Түнде қадағалауды күшейтті

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және қараусыз қалуды болдырмау мақсатында полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар мен прокуратура өкілдерімен бірлесіп, құқық бұзушылықтардың жолын кесуге және балалар мен жасөспірімдер арасындағы профилактиканы күшейтуге бағытталған рейдтік іс-шара өткізді.
Рейдтің негізгі мақсаты – түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде, сондай-ақ ойын-сауық орындарында жүру фактілерін анықтау болды. Соның барысында саябақтар, скверлер, көшелер, сауда-ойын-сауық орталықтары және жастар көп жиналатын өзге де орындар тексерілді. Нәтижесінде ойын-сауық орындарының бірінде ересектердің қарауынсыз жүрген үш кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Олардың заңды өкілдеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Биылғы жылдың басынан бері елордада осыған ұқсас 7 мыңнан астам дерек тіркелген.
Сонымен қатар түнгі уақытта өз мекемесінде кәмелетке толмағандардың болуына жол берген ойын-сауық орнының иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылатын болады. Елорда полициясы ата-аналар мен заңды өкілдерді балаларға бақылауды күшейтуге, жауапкершілік танытып, әсіресе түнгі уақытта кәмелетке толмағандарды қараусыз қалдырмауға шақырады.



