Басты ақпаратҚұқық

Бала құқығын бұзатындарға жазаны күшейту керек

Соңғы жылдары елімізде әйел мен бала құқығын қорғайтын көптеген іс-шара атқарылуда. Мәселен, мектептегі буллингке және отбасындағы тұрмыстық зорлық-­зомбылыққа қарсы арнайы заң нормалары қабылданды. Құқық қорғау органдарында осы бағытта жұмыс істейтін біршама мекеме құрылды. Яғни құжат жүзінде бала қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Ал шын мәнінде бала құқығы мен қауіпсіздігі жан-жақты қорғалып жүр ме? Бұл туралы осы саланың маманы, елордаға белгілі адвокат Ләззат АХАТОВАМЕН тілдескен едік.

– Өзіңіз білесіз, балалар қылмысы өршімесе, азайған жоқ. Мектепте әлімжеттік, буллинг әлі жалғасып келеді.

– 2023 жылы тиісті органдарда 1735 жасөспірім қылмысы тіркелсе, былтыр 1925 қылмыс тіркелген. Тонау, ұрлық, ұрып-соғу, бұзақылық сияқты қылмыстар балалар арасында көп. Жәбірленуші тарап – балалар. Яғни жоғарғы сыныпта оқитын балалар өзі қатарлы немесе өзінен жасы кіші балалардың өміріне, денсаулығына қауіп төндіреді. Қанша жерден заң нормаларын қатайтса да, қылмыстық заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатса да, балалар өміріне төнетін қауіп жоқ, олар толыққанды қорғауда дей алмаймыз.

– Ондай балаларды ата-­анасынан алып, тиісті мекемелерге өткізіп, тәрбиелеу қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?

– Бұл жағын зерделеп жатқанымыз шамалы, тек көрсеткіш дұрыс болса болды. Бұзақы балаларды жазалағанмен, олардың түзелуінен гөрі, керісінше, теріс жолға түсіп кету қаупі көбірек. Сондықтан отбасындағы тәрбиеге қатты көңіл бөліну қажет. Отбасы тәрбиесі – тек сол отбасындағы ата-анасының мәселесі деп қарамай, қоғам болып назар аударып, мемлекеттік деңгейде қолға алатын шаруа. Мектептерде психологтар жұмыс атқарғанмен, бүкіл баланың жан дүние­сін ұғынып, көмек беру мүмкін емес. Қазіргі таңда жас ата-аналардың өзіне тәрбие керек сияқты көрінеді. Әсіресе жас аналардың баланы бетімен жіберуі, не істесе де, басқа балаға зәбір көрсетіп жатса да, баласына дұрыс емес әрекетін түсіндірудің орнына ұстаздармен ұрысып, баласына шаң жуытпау тенденциясы немесе керісінше баланы қалыпқа салып, тәрбиелеп, ұрып-соғып, үркітіп, айтқанын істету тенденциясы қалыптасып кеткендей. Екі тәсіл де баланың дұрыс азамат боп қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Бірінші жағдайда баланың қатыгездігі өскен сайын өсе береді де, жоғарыда аталған қылмыстарды жасауға итермелейді. Кей жағдайда отбасындағы материалдық жетіспеушілік те, жалғызбасты ананың ер балаға тиісінше тәрбие бере алмауы да оның теріс жолға түсуіне себеп екенін практикадағы істерден көріп жүрміз. Өйткені қазақ қоғамында әке мектебі – үлкен институт. Сол институтты дамыту керек, әкелердің бала тәрбиесіне атсалысуын насихаттайтын бірлестіктерді, одақтарды көбейту керек деп ойлаймын.

– Дегенмен елімізде толыққанды емес отбасылар аз емес. Жалғызбасты аналар саны жыл санап көбеймесе, азайып жатқан жоқ.

– Өкінішке қарай, солай болып тұр. Статистикаға сүйенсек, 2022 жылы жалғызбасты аналар саны 476000 болса, былтыр 863000-ды құраған. Екі жылда екі есеге артты. 2024 жылы жалғызбас­ты әкелердің саны 52000 болған. Көріп отырғандай, баланы жалғыз тәрбиелеп отырған әйелдер саны ерлерге қарағанда 8 есе көп, яғни ер-азаматтардың бала өмірінде, тәрбиесінде әйелдерге қарағанда жауапкершілігі аз. Балаға ата тегін бермей, алимент төлеуден қашатын әкелер де аз емес. Ата-ана жауапкершілігінің тең болуы қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асырылуы тиіс.

– Ажырасу кезінде бала құқығы қа­лай қорғалып жүр?

– Тәжірибедегі көп істерден байқайтынымыз, отбасындағы дауларда ата-­ананың бала құқығын өрескел бұзатын, баланы өз пайдасына «қару» етіп алатын жағдайлар көп кездеседі. Бала тағдыры ойыншық емес, оның да өз құқығы барын, ол болашақтың тізгінін ұстар тұлға екенін ұмытпау үшін ата-аналармен жұмысты реттеу керек деп ойлаймын. Бала өмірге келген сәттен бастап, Ата Заңымызда көрсетілгендей, ең басты құндылық адам екенін есте ұстап, бала құқығының бұзылмауын, олардың да өзіндік мені, пікірі барын назарда ұстаған абзал. Осы ретте балалардың ата-ана тарапынан көрсетілетін қысымға шыдамай, үйден кетіп қалуының жиі ұшырасатыны құқық қорғау органдарының статистикасынан көрінеді.

Бала тағдырына немқұрайды қарауға, оның тұлға боп қалыптасу кезеңінде қорғансыздығы мен әлсіздігін пайдаланып, баланың қалауын, дауысын естігісі келмей, өз дегенін жүргізіп, психологиялық тұрғыда басып-жаншуға, ата-ананың, әсіресе ажырасқан аналардың өз эгосын қанағаттандыру мақсатында балаларды жеке меншігім деп қарап, туыстарымен, әкесімен араластырмай, құқығын шектеуге заңмен тыйым салыну керек. Осы бағыттағы заң нормаларын қайта қарап, бала құқығын өрескел бұзатын тұлғаларға жазаны күшейту қажет.

Бала – ертеңгі қазақ елінің болашағы. Ұрпағымыз еркін, азат ойлы, сауатты, сапалы болуы үшін жастайынан құқығының бұзылмауына, оның ішкі үнін естуге, пікірін тыңдай алуға, онымен санасуға атсалысуымыз керек.

Сұхбаттасқан

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button