Биылғы ауыл шаруашылығы маусымы Қазақстан үшін рекордтық жыл болды

2025 жылғы ауыл шаруашылығы маусымы Қазақстан үшін рекордтық жыл болды — дәнді дақылдардың өнімі 27 млн тоннадан асып, майлы дақылдардың жиналымы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Егін жинау барысы, қиындықтар мен жаңа нарықтар туралы ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
— Азат Сиражиддинұлы, егін жинау науқаны қалай өтті? Нәтижелер қандай? Ауа райы жағдайлары науқанға әсер етті ме?
Аяқталған ауыл шаруашылығы маусымы өндіріс көлемінің тұрақты өсімін көрсетті.
Қатарынан екінші жыл Қазақстан заманауи технологияларды тиімді қолдану және егіс алқаптарын әртараптандыру есебінен оң нәтижелерге қол жеткізіп отыр.
Биыл дәнді дақылдардан рекордтық өнім алынды — бастапқы салмақта 27,1 млн тонна, оның ішінде бидай – 20,3 млн тонна. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,5 млн тоннаға көп, алайда бидайдың егіс алқабы шамамен 900 мың гектарға қысқарған болатын.
Алғаш рет бұршақ дақылдарының өнімі 1 млн тоннаға жетті.
Майлы дақылдар бойынша да рекорд тіркелді — 4,5 млн тонна, кей өңірлерде жинау жұмыстары әлі де жалғасуда. Бұл дақылдар егіс құрылымында барған сайын табысты әрі сұранысқа ие болуда.
Өсімдік шаруашылығының басқа бағыттары бойынша да жақсы нәтижелерге қол жеткізілді: картоп – 2,9 млн тонна, көкөніс – 3,8 млн тонна, бақша дақылдары – 2,6 млн тонна жиналды.
Жалпы егін жинау жұмыстары қалыпты режимде, оңтайлы агротехникалық мерзімде өтті, айтарлықтай қиындықтар болған жоқ. Қазір майлы дақылдар, сүрлемге арналған жүгері және қант қызылшасын жинау аяқталу сатысында.



