«Қаламгер ұстаханасында» — Роза Мұқанова

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен жүзеге асып келе жатқан Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында бүгінге дейін 7 қаламгер әртүрлі тақырыпта дәріс оқыды.
Кеше сегізінші болып көрнекті жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова тәжірибесімен бөлісті. «Қазақ драматургиясы: сюжет, идеясы және көркемдік тәсіл» атты дәрісі №5 қалалық балалар кітапханасында өтіп, оған қала әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты
Дәрісті ашып берген Жазушылар одағының Астана филиалының директоры, белгілі ақын Бауыржан Бабажанұлы бұл жоба жыл аяғына дейін жалғасатынын атап өтті. Жалпы елорда әкімдігі астаналық қаламгерлерге көп қолдау көрсетіп келе жатқанын, «Қаламгерлер ұстаханасымен» қатар жас қаламгерлер арасында куиз өткізу қолға алынғанын айтты.
Одан кейін сөз алған Роза Мұқанова әдебиетке қалай келгенін әңгімеледі.
«Барлық қаламгерлер сияқты менде әдебиетке құштарлықпен келдім. Әдебиет арман, мақсат болды. Осы үлкен жолда маған ықпал еткен, әдебиетке құштарлықты оятқан менің әкем Қажығалым Қажыбайұлы Мұқанов. Ол кісі өз заманында ауыл-ауылды аралап, халық ауыз әдебиетін жинады. Зерттелмеген, айтылмай жатқан, көмескіленіп жатқан дүниелерді жинаумен әуестенді. Айтыс ақындарын, әсіресе Әсеттің қолжазбаларын ел ішінен жинады. Сөйтіп ғылым академиясына тапсырып жүрді. Әкемнің әдебиетке деген махаббаты, әдебиетке құштарлығы мені де құштар етті» деді Роза Мұқанова.
Алдыңғы толқын ағалары туралы әңгімелеп, олардың аялы алақанын сезінгенін, шығармашылығы жөнінде алғашқылар ретінде Әзілхан Нұршайықов пен Дулат Исабеков жылы пікір айтқанын жеткізді. Драматургия жөнінде дәрісті нақты мысалдармен әдіптеді. Соның ішінде заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» шығармасы, басқа да туындылар жайлы ой толғады.
Қаламгер дәрісі екі сағатқа созылып, тыңдаушылар әдебиет жайында, Роза Мұқанованың шығармашылығы жөнінде, оның замандас жазушылары туралы қызықты мәліметтерге қанықты. Дәріс соңында Жолтай-Жұмат Әлмашұлы, Асқар Алтай сынды жазушылар, т.б. сұрақтарды қойды.
Аманғали Қалжанов



