
Күн салқындағаннан кейін елордадағы тұрғын үйлер секторында өрт қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударылады. Жылыту маусымында өрт шығу қаупі әдеттегіден артатыны рас, сондықтан мамандардың айтуынша, дәл осы кезеңде азаматтар барынша сақ болуы тиіс. Бұл туралы елордалық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Бабаев қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін тәуекелдерді азайту мақсатында қалада профилактикалық шаралар белсенді жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда Астанада шамамен 31 мың тұрғын үй бар, олардың бір бөлігі орталық газ жүйесіне қосылған, ал кейбірі қатты отынмен жылытылатын пештерді пайдаланады. Әсіресе әлеуметтік осал және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға ерекше көңіл бөлінеді.
Жергілікті атқарушы органдармен, полиция және әлеуметтік қызмет өкілдерімен бірлесіп, ТЖД мамандары мұндай отбасылардың үйлерін толық тексеріп, қайта жабдықтады. Оларға жылыту құрылғыларын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптары түсіндірілді.
Спикердің айтуынша, 22 қазаннан 22 қарашаға дейін елордада «Өрт қауіпсіздігі айлығы» республикалық профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Оның аясында құтқарушылар тұрғын үйлерді қайта аралап, басты назарды әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға аударады.
Бүгінгі күні 75 рейдтік іс-шара өткізілді, оған полиция қызметкерлері, волонтерлер және әкімдік өкілдері жұмылдырылған. Нәтижесінде 9500 тұрғын үй тексеріліп, 15 мың тұрғынға түсіндіру жұмысы жүргізілді.
Тексеру барысында 9000-ға жуық өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу фактісі анықталып, тиісті мекемелерге ұсыныс хаттар жолданды.
Әлеуметтік осал топтардың үйлерінде қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында 326 көміртек тотығын анықтайтын датчик орнатылды, ал соңғы төрт жылда мұндай құрылғылардың жалпы саны 3000-нан асты.
Сонымен қатар, ағартушылық жұмысқа да баса назар аударылуда. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау жөніндегі ақпараттық материалдар адам көп жиналатын орындарда, тұрғын үй лифтерінде және сыртқы LED-экрандарда орналастырылды.
ТЖД қызметкерлері білім беру ұйымдарында сынып сағаттары мен интерактивті сабақтар өткізіп, балалар мен ұстаздарға өрт шыққан жағдайда қалай әрекет ету керегін және жылытқыштар мен пештерді қараусыз қалдыруға болмайтынын түсіндіреді.
Профилактикалық жұмыс сауда және ойын-сауық орталықтарында, қоғамдық қызмет көрсету нысандарында және адам көп жиналатын орындарда да жүргізілуде – мұнда нұсқаулықтар мен эвакуация бойынша оқу-жаттығулар өтеді.
«Қыс мезгілінің басталуымен және пеш пен электржылытқыштардың белсенді пайдаланылуына байланысты тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз», – деді ТЖД өкілі.
Сөз соңында ол азаматтарға мынадай ұсыныстар берді:
• жылыту маусымы басталар алдында пеш пен мұржаның жарамдылығын тексеріңіз;
• мұржаны күйеден үнемі тазалап отырыңыз;
• пеш пен электрқұрылғыларды қараусыз қалдырмаңыз;
• қолдан жасалған немесе ақаулы жылытқыштарды пайдаланбаңыз;
• бірнеше қуатты құрылғыны бір розеткаға қоспаңыз;
• өрт болған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз;
• балаларды қараусыз қалдырмаңыз, олардың қауіпсіздігі сіздің жауапкершілігіңізге байланысты.
• жылыту маусымы басталар алдында пеш пен мұржаның жарамдылығын тексеріңіз;
• мұржаны күйеден үнемі тазалап отырыңыз;
• пеш пен электрқұрылғыларды қараусыз қалдырмаңыз;
• қолдан жасалған немесе ақаулы жылытқыштарды пайдаланбаңыз;
• бірнеше қуатты құрылғыны бір розеткаға қоспаңыз;
• өрт болған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз;
• балаларды қараусыз қалдырмаңыз, олардың қауіпсіздігі сіздің жауапкершілігіңізге байланысты.



